Калифорнияда төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Калифорнияда төтенше жағдай жарияланды

11.01.2023

АҚШ президенті Джо Байден Калифорнияда төтенше жағдай жариялады. Штаттағы бірқатар қаланың тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Мұнда бірнеше күннен бері соққан дүлей дауыл мен су тасқынын қазірдің өзінде он алты адам қаза тапты.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Тынық мұхитынан бірнеше күннен бері тоқтаусыз соққан дауыл мен толассыз нөсер Калифорния штатында тұратын 39 млн адамның 33 миллионына қауіп төндіріп тұр. Электр желілері үзіліп, мыңдаған үй жарықсыз қалды.

Топан су қала көшелерін өзенге айналдырды, ал лай көшкіні тас жолдарды жауып тастады. Халық жаппай қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатыр. Әсіресе Лос Анжелстен 160 шақырым жердегі Санта-Барбара ең көп зардап шеккен қалалардың бірі. Тұрғындар көшеде қайықпен жүзуге мәжбүр.

Ал Монте-Сити қаласында бес жасар баланы тасқын су ағызып әкеткен. Әлі табылмай жатыр. Ресми мәлімет бойынша, тілсіз жаудан 16 адам көз жұмды. Олардың бір бөлігі суға батып кетсе, кейбірін дауыл кезінде құлаған ағаштар басып қалған. Құтқарушылар іс-түссіз жоғалғандарды іздестіруде.

Барри Паркер, өрт сөндіру бөлімінің басшысы:

Бұл дауыл әлдеқайда ұзағырақ әрі анағұрлым қатты болды. Сондықтан су тасқыны да жойқын көрінді. Құтқару жұмыстары да бұрынғыдан көп.

Арон Риди, Вентура округінің тұрғыны:

Калифорния жағалауында тұратындар табиғи қауіптердің болатынан біледі. Цунами, өрт, көшкін жиі болады. Арзан аймақ, бірақ қауіпті.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Толассыз жауын-шашыннан Сан-Лоренсо өзені арнасынан асып, деңгейі 7 метрге көтерілген. Ал таулы аймақтарда қалың қар жауып, жолдарды жауып тастады. Салдарынан лай ғана емес, тас көшкіні де болып жатыр.

Синоптиктер дауыл мен нөсер әлі сейілмейтінін айтады. Калифорния жұртының көпшілігі тұратын жағалауларда 13 см-ге дейін жауын шашын түссе, батысқа қарай қалыңдығы отыз сантиметрге жететін қар жаууы ықтимал. Ал желдің екпіні сағатына 100 шақырымнан асады деп хабарлады Ұлттық метеорология қызметі.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Бірнеше жыл қатарынан құрғақшылық кесірінен орман өртінен көз ашпай келе жатқан штат үшін қалың қар мен үздіксіз жауынның алдағы көктемде пайдасы да болуы мүмкін дейді сарапшылар. Десе де қазірдің өзінде ондаған адамның өмірін қиған тілсіз жау өңірдің инфрақұрылымына миллиардтаған доллар залал келтірді.


Хабарламаларға жазылу