Бала күтіміне берілетін жәрдемақының мерзімі ұзарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала күтіміне берілетін жәрдемақының мерзімі ұзарды

09.01.2023

Биылдан бастап бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері де ұлғайып, мерзімі ұзарды. Енді аналар, сәбиі 1,5 жасқа келгенше мемлекеттен төлем алып отырады. Бұл жаңашылдықты қазақстандықтар зор қуанышпен қабыл алды. 

Айсұлу Қалмырза үшінші сәбиін күтіп жүр. Бұл жүктіліктің ол үшін ерекшелігі мемлекеттік жәрдемақының ұзартылуы және өсуімен тұспа-тұс келуінде. Өйткені, жас ана отбасылық өмірінің ең маңызды кезеңінде балаларының жанында ұзағырақ болып, бар уақыты мен мейірімін арнағысы келеді.

Айсұлу Қалмырза, қала тұрғыны:
Жәрдемақының бір жарым жылға ұзартылуы өте қуанышты жаңалық деп санаймын. Бұл декретте отырған аналар үшін өте маңызды. Себебі, ақшасыз қалғанда осы көмек болады деп ойлаймын және балаға алаңсыз, жарты жыл болсын қасында отырып, көңіл бөлуге болады.

Жаңа өзгерістерге сәйкес 1 қаңтарға дейін бір жасқа толмаған барлық бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға ұзартылады. Ал 1 қаңтардан кейін дүниеге келгендерге бірден 1,5 жылға тағайындалады.

Қарлығаш Бимырзаева, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Алматы қаласы бойынша Аймақтық департаментінің бөлім басшысы:
Бұл Президент тапсырмасы, сосын аналарды қолдау үшін жасалып отырған шара. Бүгінгі таңда бізде бала күтіміне байланысты 5500-ге дейін ана 1 жарым жасқа дейін жәрдемақыны алып жатыр Республикалық бюджеттен. Оның саны өзгеріп тұрады.

Алматы қаласы бойынша мұндай мемлекеттік қолдауға 33 мыңға жуық келіншек ие болды. Ал Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, аталмыш жаңашылдық Республика бойынша жарты миллионға жуық жас ананы қамтымақ. Оның жүзеге асырылуы үшін бюджеттен 183 миллиард теңге қарастырылған.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу