АҚШ-та омикронның гибридті түрі тарап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та омикронның гибридті түрі тарап жатыр

06.01.2023

АҚШ-та ковидтің жаңа түрлері қарқынды тарап жатыр. Омикронның гибридті нұсқасы эпидемиологиялық ахуалды тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Себебі ғалымдар бұл вирус басқаларға қарағанда өте жұқпалы деп дабыл қағуда. 

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Ғалымдар бірнеше аптадан бері Омикронның бірнеше гибритті түрлерінің таралу қарқынын зерттеп жатыр. Соның ішінде ең жұқпалысы алғаш рет Нью-Йорк қаласында анықталған XBB.1.5. варианты болуы мүмкін. Себебі оның ел бойынша соңғы төрт аптада таралу тенденциясы күрт өсіп, індетті жұқтырғандардың қырық бір пайызынан табылған. Тіпті солтүстік шығыс штаттарда омикрон штамының осы гибридті түрі ковидке шалдыққандардың жетпіс бес пайызынан анықталған.

Нәтижесінде ауруханаға түсіп, төсекке таңылғандардың да саны артып келеді. Соңғы бірнеше айда біз басқа варианттардың осыншама қарқынмен таралғанын көрмедік,- дейді Вашингтон медицина мектебі вирусология зертханасының мамандары.


Мария Ван Керкхове, ДДСҰ Сovid-19 бойынша техникалық жетекші:

XBB.1.5 вирусы басқаларына қарағанда тез тарайтынын көріп отырмыз. Бірақ бізде оның ауырлық дәрежесі туралы нақты көрсеткіш жоқ. Сондықтан эксперименттік зерттеулерде, сондай-ақ нақты деректерде өте мұқият қадағалап отырмыз. Біз әлем бойынша осы субвариантты жұқтырған науқастардың мәліметтерін қарастырамыз.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Вирусологтар ковидтің бұл түрі жаздағыдай елдегі эпид ахуалды күрт ушықтырып жіберуі мүмкін деп алаңдап отыр. Себебі зерттеудің алғашқы нәтижелері омикронның жаңа вариантына қазіргі вакциналар тиімді әсер етпеген көрсеткен. Тіпті дәрігерлер анти денемен емдеу тәсілдері арқылы науқастың қанындағы вирусты бейтараптандырып, толық жоя алмаған.

Айта кетейік, АҚШ ковидтан ең көп зардап шегіп жатқан елдердің бірі. Осы кезге дейін халықтың үштен бірі, яғни жүз миллионнан астамы індетті жұқтырып, бір миллион бір жүз жиырма мың адам көз жұмған.


Хабарламаларға жазылу