Сенатта «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар» автожолының құрылысын жеделдету мәселесі көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенатта «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар» автожолының құрылысын жеделдету мәселесі көтерілді

29.12.2022

Сенатта «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар» автожолының құрылысын жеделдету мәселесі көтерілді. Бұл жұмыс аяқталса өңір экономикасы жаңа серпін алып, көрші аймақтармен өзара іс-қимыл одан әрі өрістей түседі. Сенатор Әли Бектаев еліміздің Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Торғай өңіріндегі көлік қатынасының нашарлығы, инженерлік коммуникацияның әбден тозуы, медициналық мекемелерге дәрігерлердің жетіспейтіні бүгінде өзекті проблемаға айналғанын айтты. Әсіресе әуе қатынасының жоқтығы, Арқалық қаласына дейін ғана апаратын теміржолдың тозуы мен ескі вагондар және автомобиль жолдары өңірдің дамуына қолбайлау болып отыр. Сондай-ақ, өңірді ауыз сумен және жылумен қамту деңгейі де төмен.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Өңірде су құбырының тозуы 86,5%, жылу құбыры 87%, электр желісі бойынша 92%, кәріз құбырының тозу деңгейі 92,8%-ды құрайды. Яғни инженерлік-коммуникациялық жүйеде төтенше жағдайлардың жоғары деңгейі қалыптасқан. Сондықтан Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарындағы инфрақұрылым жүйесінің нақты жағдайын анықтау үшін Үкімет тарапынан арнайы комиссия шығартуды сұраймыз.


Хабарламаларға жазылу