Таразда 101 жастағы әже жастармен бірге тал көшеттерін отырғызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда 101 жастағы әже жастармен бірге тал көшеттерін отырғызды

29.04.2024

Таразда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалпыхалықтық сипат алды. Мәселен балабақша бөбектері ағаш отырғызып, аула тазалады. Игілікті істен тіпті қариялар да қалыс қалмады. 101 жастағы әжей қолына күрек ұстап көпке үлгі болды.

«Өнегелі ұрпақ» апталығы алдымен «Ұлы дала» шағын ауданынан бастау алды. Қала тұрғындары алда ашылатын саябаққа 1 200 түп ағаш отырғызды. Биыл қала әкімдігі 40 мың түп ағаш егуді жоспарлаған.

Барат Мыңбосынов,қала тұрғыны:

85-ке келсем де шаршамай, шалдықпай жаяу келдім.  Елдер, жастар көрсін.
Аймақта акция басталғалы 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен 1400-ге жуық аула тазаланды.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Президенттің игі бастамасын бірдей қабылдап, бәрі ат салысып жатыр. Негізі тазалықты сақтау қоғамның бойындағы тәрбиесінің, мәдениеттілігінің көрсеткіші.
Ал бірнеше жылда бүлдіршіндер еккен ағаштар бүр жармақ. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов балабақшаға барып, бөбектермен бірге бейбітшіліктің нышаны «Бәйтерек» ағашын отырғызды.


Лугмар Бұларов, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:

Бұл акцияны өміршең жобаға айналдыруға тиіспіз. Ол үшін әр тұрғын тазалақты өз ауласынан, өз көшесінен бастау керек. Балалар үлкендерден үлгі алатындықтан, тал егудің өзі тәлім-тәрбиеғой. Сондықтан бақшаға арнайы келдік.
Ал 101 жастағы Ұлсанай Абалова ассамблея жастарымен бірге көшенің көркі болар тал көшеттерін екті. Көктем кіргелі аймақта 57 мың түп ағаш отырғызылған. Абаттандыруға 9,4 млрд теңге бөлініп отыр.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу