Елордалық 8 жасар бала латвиялық гроссмейстерді ұтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық 8 жасар бала латвиялық гроссмейстерді ұтты

29.12.2022

Астаналық 8 жасар Кәрім Айтжан шахматтан латвиялық гроссмейстерді ұтты. Алматыда өтіп жатқан блиц және рапид бойынша әлем чемпионаты аясында Латвияның бұрынғы экономика және қаржы министрі, қазіргі ФИДЕ атқарушы директоры Дана Рейзнице-Озола шахмат академияларының 24 оқушысымен бір мезгілде ойын сессиясын өткізген.

Ойын барысында 8 жасар Кәрім Айтжанның тақтасында гроссмейстер әдеттегіден ұзағырақ тұрып, өзінің жүрісі туралы ұзақ ойланды. Нәтижесінде елордалық жас ойыншы Дана Рейзницені жеңіп кетті.

Кәрім Айтжан, жас шахматшы:

Ойын бастала сала ол менің екі пешкамды, мен оның бір фигурасын алып қойдым. Осы бастамам жеңіске жетеледі деп ойлаймын. Гроссмейстермен ойнаудың артықшылығын көрдім. Тіпті тепе-тең де ойнадық. Бірақ кейін мен жүрісімді өзгерте бастадым. Әрине, бұл оңай болған жоқ.


Хабарламаларға жазылу