Елімізде егде жастағы және мүгедектігі бар адамдарды алаяқтықтан қорғау құралы әзірленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде егде жастағы және мүгедектігі бар адамдарды алаяқтықтан қорғау құралы әзірленді

27.12.2022

Елімізде егде жастағы және мүгедектігі бар адамдарды алаяқтықтан қорғау құралы әзірленді. Нақтырақ айтсақ, осы санаттағы азаматтар қаржылық операция жүргізгенде өзіне сенімді тұлғаның жәрдеміне жүгіне алады. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Аталмыш механизм қалай және қашаннан бастап жүзеге аспақ?

Вера Канарова алаяқтардың арбауына қалай түскенін өзі де білмей қалған. Банк өкілімін деп хабарласқан әлдебіреу: сіздің шотыңызға шабуыл жасалып жатыр, жылдам ақшаны шешу керек деп асықтырады. Іле-шала полиция өкілімін деп екіншісі, ұлттық банктенмін деп үшіншісі қоңырау шалған. Осылайша 8 күн алаяқтардың айтқанын бұлжытпай орындаған зейнеткер 23 млн теңгесінен айырылып қалған. Қазір 32 жыл тұрған пәтерін босатып, қала сыртында саяжайды жалдап тұрып жатыр.

Вера Канарова, зейнеткер:

Алаяқтар шотымда қанша ақша жатқанын айтты. Олар соны білді. Базадан көріп отыр деп ойлап, банк қызметкері екеніне сендім. Ал қазір сол қателігім үшін опық жеп отырмын. Ай сайын 90 мың теңгеден несие төлеп келемін. 6 айдан бері іс қаралып жатыр. Әлі сот та болмады.

Енді егде жастағы және мүгедектігі бар азаматтарды алаяқтықтан қорғау үшін несие беруші ұйымдарда «көмекші қол» қызметі енгізілмек. Яғни, банк пен тұтынушы арасындағы кез-келген қаржылық операциялар үшінші тұлғаның бақылауында болады. Мұндай азаматтарды әркім өзі таңдайды.

Дмитрий Акмаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі баспасөз қызметінің өкілі:

Көмекші өз кезегінде, жоспарланып отырған онлайн-операциялар туралы хабарлама алуға және оларды растауға немесе қабылдамауға мүмкіндік алады. Сервисті қосуға тұтынушының өзі ғана бастамашы болады. Аталмыш қызмет келер жылдан бастап жүзеге асырылады.

Әйтпесе, интернет технологиялар дамыған сайын қашықтан отырып ақша ұрлау тәсілдері күрделеніп, көбейіп барады. Жыл басынан бері ішкі істер органдарында тіркелген мұндай деректердің саны былтырғымен салыстырғанда 2 есе өскен. Биыл интернет алаяқтыққа қатысты он мыңдай қылмыс тіркелген.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу