Жыл соңына дейін Қазақстанның ірі қалаларында 5G интернеті орнайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл соңына дейін Қазақстанның ірі қалаларында 5G интернеті орнайды

26.12.2022

Жыл соңына дейін Қазақстанның ірі қалаларында 5G интернеті орнайды. Бұған мобильді байланыстың бесінші буыны үшін радиожиіліктер бөлу бойынша екі күндік аукцион ықпал еткен. Себебі, министрлік жеңімпаз компанияларға радиожиілікпен қатар бірқатар міндеттемелер қойып отыр.

Алғаш рет радиожиіліктер бәссауда арқылы сатылды.Өтінімді байланыс саласында кемінде бес жыл қызмет көрсететін, ең азы алты облыс пен үш республикалық маңызы бар қалада телекоммуникациялық инфроқұрылымы бар компания немесе консорциум бере алды. Бұл талаптар байланыс саласына маманданбаған ұйымдардың аукционға қатысуына жол бермеу үшін қойылған. Екі лотты да «Кселл» мен «Мобайл Телеком Сервис» серіктестігінен құралған консорциум ұтып алды. Бірақ жеңімпаз компания желіні басқаларға тарата алады. Министрлік өкілінің айтуынша, бұл бес джиді ел аумағына барынша тез таратуға көмектеседі.

Асхат Оразбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:

Компанияларға радиожиілікті таратуға тыйым салмай отырғанымыздың себебі қаржыға келіп тіреледі. Желіні дамытуға қомақты қаражат керек. Компаниялар радиожиілікті бір-біріне беру арқылы өзіне инвестиция тартады. Осылайша желіні тезірек дамытамыз. Ал ешкімге бермей, өз қаражатымен жұмыс істейтін компанияның мүмкіндігі де аз.

Міндетін орындамаған компаниялардан радиожиілік қайтарып алынады

Мамандар 5G технологиясы елдегі трафик тұтыну көлемін арттырады дейді. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш бойынша қазақстандықтар көрші елдерден 40 пайызға озып тұр.Сондықтан екі күндік сауда-саттықтан түскен 156 миллиард теңгеден астам қаражатты интернет сапасын арттырып, шалғай аудандарға ғаламтор желісін тартуға жұмсамақ. Ал шартта бекітілген кестені сақтамай, жұмысты кешіктірген компанияларға қатаң шара қолданылады.

Асхат Оразбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:

Жиіліктер мемлекеттің меншігі. Аукционда компаниялар оны пайдалану құқығын ғана сатып алды. Және жыл сайын сол желіні пайдаланғаны үшін бюджетке ақша төлейді. Егер олар келісімшарттағы міндеттемелерін орындамаса немесе жиілікті дұрыс қолданбаса мемлекет оларды қайтарып алуға құқылы.

5G технологиясы интернет-сервистерді және «Қолжетімді интернет» жаңа ұлттық жобасы шеңберінде телекоммуникация саласын дамытуға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша, байланыстың бесінші буыны жылдың соңына дейін ірі қалаларда қосылуы керек. Бұған дейін бірнеше қалада пилоттық режимде жұмыс істеп, қажетті инфроқұрылымдар сынақтан өткен.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу