5G жаһандық экономиканы ілгерілетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

5G жаһандық экономиканы ілгерілетеді

29.09.2022

5G - технологиялық мүмкіндіктерді бес есе арттыруға қауқарлы. Сондай-ақ осы жаңашылдық арқылы жаһандық экономикаға түсетін үлес - 2030-жылға қарай шамамен 960 миллиард долларды құрайды деген болжам бар. Астанада өтіп жатқан "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумында - Азияның үздік IT сарапшылары бас қосып, 5G-ды Қазақстанға енгізу мәселесін талқылады. Іс-шараның стратегиялық серіктесі - "Huawei" компаниясы. Ал өнеркәсіптік серіктесі - "GSMA" қауымдастығы.

2020 жылдан бастап әлемде 5G-ды қолдану 55 пайызға артты. Ал осы желіні пайдаланатындар саны 245 процентке өсті. Бұл мәліметті "Huawei" компаниясының жетекші сарапшылары айтты. Болжам бойынша желіге қосылушылардың саны жыл соңына дейін 1 миллиардқа жетеді.

Ласло Тот, «Gsma Europe» мемлекеттік саясат басқармасының басшысы:

5G технологиялық мүмкіндіктердің бес есе арттыруына мүміндік береді. Оның пайдасы ғылыми-зерттеу жұмыстары сияқты әрқашан жүз еселеніп қайтады. Қазір АҚШ, Қытай, Корея сияқты елдер 4G-дан 5G-ға көшуді жоспарлап отыр. Біздің болжамымыз алдағы жылдары тұтынушылар саны 5 миллиардқа жуықтайды.

5G - ғаламтордың мүмкіндіктеріне ғана емес елдің индустриялдық және экономикалық дамуына үлкен үлес қосады. «HUAWEI» компаниясы бас директоры орынбасарының айтуынша, бірқатар ел осы арқылы жаңа белестерді бағындырып жатыр. Қазақстан да осы деңгейге жету үшін бұл мүмкіндікті жіберіп алмау керек.

Фарида Төлеубаева, «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясы бас директорының орынбасары:

Жалпы осы форум өткізілгеннен кейін барлығы өзара пікір алмасып және де болашақта Қазақстанда 5 G қай бағытта дамиды деген бір ортақ шешімге келеді деп ойлаймын. Біздің ойымызша бүгінгі күнде осы әлемдік тенденцияларды үйрене отырып, ертеңгі күнгі осы тенденцияларды қалайша Қазақстанда орната аламыз деген шешімге келе аламыз.

Астана, Алматы, Шымкент қаласында осы жылдың соңына дейін 5G желісін іске қосу жоспарлап отыр. Ал 2023-2025 жылдары олардың қатарына облыс орталықтары қосылады.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу