Соңғы уақытта Орталық Азия аймағы дипломатиялықбайланыс орнатудың алаңына айналғандай. Бұған осы күзде бірқатар мемлекеттің басшысы қатысқан Қазақстан мен Өзбекстандағы маңызды саммит, басқосулар дәлел. Бірақ бұл жолғы Ташкенттегі кездесу – екі тараптың ғана ортақ мүддені талқылауына арналды.
Бұл - Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудан кейінгі алғашқы мемлекеттік сапары. Былтыр Шавкат Мирзиёев те президент сайлауындағы жеңісінен соң, мемлекеттік сапармен бірінші Қазақстанға келгені есте. Екі елдің тек бауырлас қана емес, стратегиялық серіктес екенін бұл деталь де аңғартса керек.
Ақерке Бектас, тілші:
Бұл уақытта Ташкент қаласындағы халықаралық конгресс орталықта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуіне орай дайындық жүріп жатты. Өзбекстанның әскери оркестрі осында. Құрмет қарауылы әзірлігін тағы бір пысықтады. Айта кетейік, бұл – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы сәуірден кейін Өзбекстанға екінші мемлекеттік сапары.
Өзбекстан – Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп тауарларынан бастап көкөніс, жеміс-жидекке дейін жеткізіп отырған сауда серіктесі. Екі елдің тауар айналымы былтыр 4 млрд доллардан асқан. Мемлекеттер алыс-берісті биыл 5 млрд долларға жеткізбек. Көрші елге біз мұнай өнімдерімен бірге металл, бидай экспорттаймыз. Осы уақытқа дейін Қазақстан Өзбекстанға 560 млн доллар инвестиция құйған. Бұл жолы сауда-экономикалық серіктестікті Президенттер әрі қарай нығайтуды көздеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз тамырлас әрі тағдырлас халықтармыз. Өзбек елінде «Ғафу ли иолдос илга соғар» деп, ал қазақта «Шынайы дос шыңға шығарар» деген нақыл сөздер бар. Сондықтан біз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынасты тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты барынша нығайтуға мүдделіміз.
Қазақстан мен Өзбекстанның дипломатиялық қатынасына биыл – 30 жыл. Қос тараптың арасында 24 жыл бұрын қабылданған «Мәңгілік достық» туралы шарт бар.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:
Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз.
Бұл сапарда тарихи маңызы бар екі құжатқа қол қойылды. Алғашқысы – одақтастық қарым-қатынас туралы шарт. Президенттің пікірінше, бұл істегі бірлескен әрекет бүкіл Орталық Азияның тұрақтылығын сақтауға елеулі үлес қосады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты «тарихи маңызы бар құжат» деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді.
Дүниежүзін бұған дейін біріктірген ұғымдар қазір біртіндеп алшақтатып барады. Сауда соғысы, мемлекеттер арасындағы текетірес тұрақсыздықтың артуына әсер етті. Сондықтан осы уақытқа дейін ешбір одақтың құрамында болмаған Өзбекстанның Қазақстанмен одақтас атануы – аймақ тыныштығын сақтауға себеп деп санайды сарапшылар.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Мысалы Жапония мен АҚШ – одақтас. Ешқандай НАТО-ға кірмесе де, тікелей екі елдің арасында сондай келісімшарт бар. Қол қойылған құжатқа байланысты екі елдің біріне сыртқы елден қауіп болса, әскери қауіп болса, бір-бірімен дереу кеңеседі. Әрі қарай бір-біріне әскери көмек бере ме, басқа көмек бере ме ол екі елдің басшыларына байланысты.
Әлемдегі саяси қақтығыстан бөлек, Орталық Азия елдерінің шекарада шешілмеген мәселесі көп. Мемлекеттер арасында толық бөлініп бітпеген аймақтар шиеленістің туындауына себеп болып жүр. Қазақстан Президентінің Өзбекстанға сапары кезінде мемлекеттік шекараларды демаркациялау туралы шартқа да қол қойылды. 19 жыл бойы жүрген келісім оңтүстіктегі әсіресе шекараға жапсарлас жатқан аймақтар мәселесін шешті.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Қазақстан мен Өзбекстан бір-бірімен келісіп, осы сұрақты нақты шеше алғаны стратегиялық жағынан өте ұтымды саналады. Сол сұрақты жапқаны – екі орта арасындағы қақтығыс тудыру потенциалын төмендетті деген сөз.
Кездесуде жалпы бірнеше саланы қамтитын 15 құжатқа қол қойылды. Сонымен бірге Президенттер екі елде бой көтеретін нысандардың құрылысын бастап берді.
«Өзбекстанда жасалған» бренді қазір біраз елдің нарығына кірді. Киім-кешек, кілеммен қатар өзбек кәсіпкерлері ұсақ-түйек техникаға дейін шығарады. Енді Өзбекстан тәжірибесі Қазақстанда да қолданылады. Қарағанды облысында жылына 1 млн тұрмысқа қажет техника шығаратын зауыт іске қосылады. Қостанайда көлік құрастырылатын жоба, ал Шымкентте фармацевтикалық зауыт ашылады.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
Оның өнімдері бірінші кезде ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Қосымша экспортқа шығуға мүмкіндік табылады.
Нұрболат Нысанбаев, саясаттанушы:
Инвестициялық жобаларды кеңінен тарту керек. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін Өзбекстан нарығы үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Себебі 35 млн-ға жуық нарық көптеген мүмкіндіктер алып келеді.
Иә, енді 35 млн-ға жуық нарыққа Қазақстан өзбекстандық әріптестерімен бірлесіп 2 млрд долларға кәсіпорындар ашады. Осы арқылы минералды тыңайтқыш өндеу зауыты, көлік-логистикалық орталық пен тұрғын үй салынады. Тараптар шикізат экспортын арттыруға да ниетті. Қаңтардан бастап Қазақстан Өзбекстанға 300 мың тонна мұнай сатады.
Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы:
Осы жиналыстың нәтижесі бойынша «Өзбекнефтегаз» компаниясымен біз нақты келісімге қол жеткіздік. Сонымен қатар Ресейге транзит ұйымдастыруға дайын екенімізді білдірдік.
Президенттер «Сырдария» станциясына шығатын «Дарбаза – Мақтарал» жаңа теміржол бағытын тездетіп салуға келісті. Өзбекстаннан біздегі транскаспий халықаралық бағытына да сұраныс жоғары.
Мысалы, Ақтау мен Құрық порты арқылы көрші елдің жүгі контейнермен Әзербайжан, Грузия, Түркияға тасымалданып жатыр. Ал Қазақстан «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» бағыты арқылы тауарын Оңтүстік Азия нарығына шығаруды жоспарлап отыр.
Ақерке Бектас