Түркияда ең төменгі жалақы көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда ең төменгі жалақы көбейді

23.12.2022

Түркияда инфляция рекордтық деңгейге жетіп, 85 пайызға жуықтаған. Ел билігі бағаны ауыздықтау үшін түрлі қадамға барып отыр. Соның бірі ретінде үкімет ең төменгі жалақыны бірден 75 пайызға көтерді. Бұған қарапайым халық қуанғанымен, экономистер қымбатшылық одан әрі күшейеді дейді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркияда жалақы мөлшерін белгілеу жөніндегі комиссияның шешімімен ең төменгі жалақы 5000 лирадан 8500 лираға, яғни теңгеге шаққанда 215 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл жағымды жаңалықты ел президенті Режеп Тайып Ердоған жариялады. Түркия тарихында алғаш рет төменгі жалақы мөлшері бірден 75 пайызға жуық көтеріліп отыр.

Мұнымен қоса, ең төменгі зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер де ұлғайды. Қарапайым халық бұл жаңалықты қуана қарсы алғанымен, мамандар жалақының көбеюі онсыз да ушығып тұрған инфляцияны арттырып жібереді деп отыр. Қаржы министрлігі таратқан ресми ақпаратқа сай, соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша инфляция шамамен 85 пайызға дейін жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп.

Биыл жыл басынан бері табиғи газ бағасы 50, ал электр қуаты 125 пайызға бірақ қымбаттаған. Азық-түлік бағалары да 50, кейбірі 100 пайызға дейін өскен. Шарықтап бара жатқан бағаны тұрақтандыру үшін Түркия үкіметі елдегі ірі азық-түлік дүкендерін баға саясаты туралы Сауда министрлігіне ай сайын есеп беріп тұруға міндеттеді. Себебі бұған дейін жүргізілген тексерулер нәтижесінде елдегі ең ірі бес дүкендер желісінің азық түлікті әдейі қымбат сатқаны анықталып оларға рекордтық 2 млрд 700 млн лира айыппұл салынған болатын. Ал ел билігі келер жылдың бірінші жартысында инфляцияны 30 пайызға, ал жыл соңына дейін тағы 20 пайызға азайтамыз деп отыр.

Алайда мамандар бағаны тұрақтандыру оңай болмайды, себебі ел экономикасының басым бөлігі импортқа тәуелді дейді. Дегенмен Дүниежүзілік банк Түрік экономикасы биыл 5 пайызға дейін өседі деген болжам жасап отыр.


Хабарламаларға жазылу