Әлем чемпионаты: Аргентина құрамасы финалға өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем чемпионаты: Аргентина құрамасы финалға өтті

14.12.2022

Футболдан Әлем чемпионатының алғашқы финалисі анықталды. Аргентина-Хорватия арасындағы ойында жанкүйерлер үш голдың куәсі болды. 

Ойын басталар алдында ұйымдастырушылар «бейбітшілік» акциясын ұйымдастырды. Стадионға келген жанкүйерлерлерге құрма, шоколадтар мен шәй ұсынып, футбол алдында көңіл-күйлерін бір көтеріп тастады.

Омар, футбол жанкүйері:

Бұл жақсы бастама. Біз Футбол көруге келген жанкүйерлердің дос болғанын, жақын болғынын қалаймыз. Әлемде бейбітшілік болса екен дейміз. Қатарда өтіп жатқан Әлем чемпионатының ең басты мақсаты - футбол көрермендеріне керемет көңіл-күй сыйлау.

Жартылай финал қашан да тартысты өтеді. Аргентина құрамасы бұл жолы бірінші болып гол соқты. Ойынның 34-ші минутында төреші белгілеген пенальтиді Леонель Месси сәтті орындады.

Араға 5 минут салып, Хулиан Альварес тағы да Хорватия қақпасынан саңылау тауып кетті. Бірінші таймдағы 2:0 есебінен Мессидің командасын финалға бір табан жақындай түсті. Ойынның екінші бөлігінде хорваттар біраз шабуылдап көрді, әйтсе де Скалони шәкірттері қорғаныста сыр бермеді.

Матчтың 69-шы минутында Хулиан Альварес Мессидің пасынан кейін тағы да гол соқты. Есеп 3-0-ге өзгерді. Ойын соңына дейін 2018 жылғы Мундиальдің финалистері есеп айырмасын қысқарта алмай, бұл ойында жеңіліс тапты. Финалда Аргентинаның қарсыласы Франция-Марокко ойынының жеңімпазы болады.

Ерсін Ерік


Хабарламаларға жазылу