Коронавирус: Қытай ауруханаларында науқас көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус: Қытай ауруханаларында науқас көбейді

13.12.2022

Қытай астанасы Бейжіңде коронавирус қайта тарап жатқандықтан, ауруханаларда науқас саны көбейіп келеді. Бірақ осыған қарамастан, тұрғындардың ел ішінде сапарлауын қадағалау ішінара тоқтатылып жатыр. Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігі хабарлады. Айта кетейік, елде карантин үш жылға созылды. Локдаун талаптары соңғы кезде ғана жеңілдеп, өткен аптада шектеу талаптары тоқтатыла бастаған. Осының алдында Қытайдың ондаған қаласында қатаң шектеулерге қарсы шерулер өтіп, соңы полициямен қақтығысқа ұласты. Кей болжамдарға қарағанда елде вирус жұқтырушылар санының қайта артуына халықты жаппай тесттен өткізу жұмыстарының тоқтай бастауы себеп болды. Тағы бір айта кететін жайт, Қытайда пандемия басталғалы бері 5235 адам қайтыс болған. Ал, Америка Құрама Штаттарында коронавирус құрбандарының саны 1 миллион 100 мыңнан асып кеткені белгілі. 

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу