Қызылордалық жастар Желтоқсан куәгерлерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық жастар Желтоқсан куәгерлерімен кездесті

10.12.2022

Биыл «Желтоқсан оқиғасына» 36 жыл. Егемендікті жақындатқан 1986 жылғы қазақ жастарының ерен ерлігі ұмыт қалмай, жас буынға дәріптеліп жатыр. Тәуелсіздік күніне орай Қызылордада желтоқсан оқиғасына қатысқан нәзік жандар студенттермен кездесіп, тарих шындығынан сыр шертті.

Белгілі ақын Исраил Сапарбайдің сөзіне жазылған «Қазақ қызы» туындысы Желтоқсан көтерілісінде қайсар мінез танытқан қазақ аруларына арналғанын бірі білсе, бірі білмейді. Осы әннің авторы, композитор Рамазан Тайманов алаңға өр рухты, қаһарман қыз Ләззат Асановамен бірге барған. Сол ызғарлы кеште елі үшін жанын құрбан еткен Ләззаттың ерлігі осы әннің шығуына арқау болды дейді ол күрсініп.

Рамазан Тайманов, композитор:

Қазақтың қызы Ләззатқа арналған әнімді жиырма жыл жасырып жүрдім. 2006 жылдан бастап сол әнді қазақ қызы Ләззатқа арналғанын айтып келемін. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әні осындай жағдайда дүниеге келген.

Жастармен кездесуде желтоқсаншылар 1986 жылғы оқиғаны үлкен толғаныспен еске алып, үзік сырларымен бөлісті. Ұлт мүддесі үшін бас көтеріп, әділет жолында аянып қалмаған жандар желтоқсан ақиқаты әлі де тереңінен зерделенуі керек деп есептейді.

Шолпан Баймаханова, Қорқыт ата университетінің оқытушысы:

Сол кездегі болған оқиғалар да әлі толық айтылған жоқ. Болашақта Желтоқсан шындығы әлі де ашылып, өзінің бағасын алады ғой деген үмітіміз бар.

Шара барысында режиссер Оңталап Нұрмахановтың жетекшілігімен жастар театрының әртістері «Желтоқсан оқиғасынан» қойылым қойды. Шағын спектакльден көптің көңілі босап, жастар ерекше әсер алды.

Айдана Алтынбекова, студент:

Сол кісілердің ерлігі бәрімізге өте ауыр тиеді. Қойылымдағы көріністен көзімізге жас келіп жатты. Сол кездегі батыр әпкелеріміз бірігіп, қазаққа Тәуелсіздікті алып келген. Бізге бейбіт өмірді сыйлағанына алғыс білдіремін.

Тағылымды кездесуді өткізуге ұйытқы болған облыстық әйелдер кеңесінің атынан «желтқсан оқиғасына» қатысқан нәзік жандарға «Алғыс хаттар» табысталып, сый-құрмет көрсетілді.


Ә.Серікұлы, Н.Нұрмахан

Хабарламаларға жазылу