Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілді

08.12.2022

Әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітілді. Ең төмен базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70 пайызға дейін, ең жоғары базалық зейнетақы мөлшерін 120 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжатқа сәйкес, тағы бір жаңашылдық – енді елімізде 35 жасқа дейінгілер «жастар» болып есептеледі. Бұған дейін 29 жасқа дейінгілер ғана жастар санатына кіретін еді.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

30-ға толған, 30-дан асқан жастар тұрғын үй бағдарламасына қатыса алмайтын еді. Баспана мәселесі жастар үші өте өзекті. Сондықтан осы 35 жастың аралығында тұрғын үй мәселесі, басқа да әлеуметтік, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік алады.

35 ЖАСҚА ДЕЙІНГІЛЕР «ЖАСТАР» САНАТЫНА КІРЕДІ

Заң аясында кәсіпкерлікпен айналысатын жастарды қолдау тетіктері қарастырылған. Мысалы, іскер азаматтарға 2,5 пайызбен несие беру көзделіп отыр. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлау құжаттарына, оның ішінде аймақтарды дамыту бағдарламаларына жастармен жұмыс бойынша нақты индикаторлар, бағалау критерийлері енгізілетін болады.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Жұмыссыз немесе оқудан шығып қалған жастар, олардың барлығы енді тіркеуден өтеді. Екінші – мүгедектігі бар, жұмысқа жарамсыз жастар. Олардың көбі ауылда тұрады, ұялады, тіркелемейді. Жергілікті атқарушы органдар бұларды аумақтық дамыту бағдарламасына енгізетін болады. Бюджет сұрайды ғой, сол кезде осы жастардың барлығын енгізіп, оларды көрсетуі міндетті. 

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу