Президент жарлығы: Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жарлығы: Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері тағайындалды

07.12.2022

Аймақ әкімдерінің ауыс-түйісі жалғасып жатыр. Бүгін Президент жарлығымен Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері тағайындалды. Әкімдерді облыс активіне Премьер-министр Әлихан Сымайылов пен Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу таныстырып, өңірлерді өркендетудің басым бағыттарын айқындап берді.

Павлодар облысының әкімі қызметіне екі кандидат ұсынылды. Мәслихат депутаттарының ашық дауыс беруі кезінде Асайын Байхановты басым бөлігі қолдап, Президент жарлығымен облыс әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Павлодар қаласын басқарған еді. Ал өңірдің экс-әкімі Әбілқайыр Ысқақов Екібастұздағы жағдайға байланысты қызметінен босатылған болатын. Жаңа әкімді активке таныстырған Президент әкімшілігінің басшысы мен Премьер-министр облысты дамытуға қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Олардың қатарында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асырып, ауылдық жерлерде медицина мен инфрақұрылымды, аграрлық сектор мен кәсіпкерлікті дамытуға баса мән берілді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Облыс әкімдігі аталған стратегиялық құжаттардың толық және сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі керек. Өңір экономикасын әрі қарай әртараптандыру өте маңызды облыста жобалау сатысында 48 инвестициялық жоба бар. Жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек.

Сондай-ақ бүгін Шығыс Қазақстан облысының да әкімі тағайындалды. Мәслихаттың ашық дауыс беруі кезінде кандидаттың бірі Ренат Тілеуханұлы 23, ал екінші үміткер Даниял Ахметов 94 дауыс жинады. Сондықтан Президент жарлығымен бұл қызметке Даниял Ахметов қайта тағайындалды. Үкімет басшысының айтуынша оның облысқа сіңірген еңбегі мол. Енді жаңа міндеттер жүктеліп отыр.

Премьер-министрдің айтуынша Даниял Ахметов аймақты басқарғалы ірі өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы жобалары іске асырылды.Әлеуметтік мақсаттағы нысандар: мектептер, ауруханалар, спорт орталықтары салынып, құрылыс жанданды. Жалпы алғанда Шығыс Қазақстан барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге жетіп отыр деді, үкімет басшысы.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу