Алматыдағы орталық ғылыми кітапхана жаңа заманауи құрылғымен толықты. ScanRobot деп аталатын қондырғы кітап беттерін жоғары сапада сканерлеп, ақпараттың цифрлық көшірмесін жылдам сақтай алады.
Қондырғы кітап түбіртегіне зақым келтірмеуі үшін 60-тан 100 градусқа дейін сканерлеуге қауқарлы. Құрылғы өздігінен әр бетті мұқият парақтап, қағазды ауа қысымы арқылы аудара алады.
Әсет Жомартұлы, «Ғылым ордасы» РМК цифрландыру және автоматтандыру бөлімінің басшысы:
Сағатына 2500-ден аса кітап беттерін сканерлейді. Артық жұмыс қолданылмайды. Яғни, кітап беттерін өзі кесіп, дайын түрде шығарып береді. JPEG, PDF форматта сақтауға болады.
Құрылғының артықшылығы сол, әртүрлі көлемдегі көне кітаптарға зиян келтірмейді. Түпнұсқаны бүлдіріп алу қаупі жоқ. Кітапхана қызметкерлері қондырғыны пайдалануды үйреніп, қыр-сырын меңгеру үшін бір апталық дәріс алған.
Ақерке Өмірбек, «Ғылым ордасы» РМК цифрландыру және автоматтандыру бөлімінің бас маманы:
Бұрынғы сканерде мысалы, күннің сәулесімен, бөлменің жарығымен өзгеретін болған кітаптың түсі. Сары болса ақшылдау болып дұрыс түспейтін. Осы робот сканермен кітаптың түпнұсқасымен түседі.
Орталық ғылыми кітапханада XIІІ ғасырға тиесілі қолжазбалардан бастап, сирек кітаптар мен ұлттық әдбеиеттің бірегей қоры сақталған. Қызметкерлер оқырмандарға қолжетімді болуы үшін құнды дүниелердің цифрлы көшірмесін жасау жеңілдей түсті дейді.
Қуан Нұрақын