Басты Жаңалықтар Елімізде дүкендегі тауарларға екі түрлі баға қою талап етілуі мүмкін

Елімізде дүкендегі тауарларға екі түрлі баға қою талап етілуі мүмкін

Үкімет пен Ұлттық банк сауда орындарында тауардың 2 бағасын қоюды міндеттейтін ережені ойластырып жүр. Қолма-қол есептескенде қанша тұратыны және бөліп төлегенде немесе несиеге алғанда.

Вице-премьер С.Жұманғариннің айтуынша, бұл тұтыну кредитін шектеу емес. «Адамдар тауардың шын бағасына қанша қосып төлейтіндерін білулері үшін» дейді ол.

Мысалы, 6 айға, 1 жылға немесе тіпті 2 жылға бөліп төлегенде тұтынушы қосымша 15-20 процентке көп төлейді. Бірақ оған біздер – тұтынушылар мән бермейміз. Себебі тауарға баға қойғанда дүкен қожайындары бірден комиссияны кіргізіп қояды. Демек сіз бірден төлесеңіз де сол комиссиясы бар бағаны төлейсіз. Рас, байқасаңыз жиһаз, тағы басқа ірі бұйым сататын дүкендерде «қолма-қол төлесеңіз 15-20 процент жеңілдік жасаймыз» деп күлімсірейді. Ол жеңілдік емес, ол әлгі комиссия қосылмаған баға. Бөліп төлегенде тауар қанша тұратынын дүкен иелері бөлек көрсетуі керек!!! Бірақ тек дүкен қожайындарын сөге алмайсыз.

Мұртынан күліп отырған біздегі «гүл жайнаған» банктер. Президент жолдауында еліміздегі банктердің активтері мен қаражаты дамыған мемлекеттерге қарағанда, орта есеппен бірнеше есе көп пайда әкелетініне кезекті рет тоқталды.

Себебі біздің банктер экономикаға несие бергеннен гөрі, қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді. Үкіметтің тауардың шын бағасын көрсетуге нұсқаған ізгі ниетіне ризамыз.

Дегенмен банктерді нақты секторға ақша салуға итермелесе, тәнті болар едік. Данияр Қайыртайдың сараптамасы.


Бөлісу