Басты Жаңалықтар Құрылыс кодексі: Енді сейсмоқауіпті аймақтарға ғимарат салатындарға талап күшеймек

Құрылыс кодексі: Енді сейсмоқауіпті аймақтарға ғимарат салатындарға талап күшеймек

Осы аптада Алматыда жауған нөсер су ағып кететін жүйенің істемейтінін, 10 балдық кептелесті, жөндеуден кейін «ағып» кететін жолдарды жалаңаштады. Аманжол көшесінің жаңа асфальты жарылып, 13 көлік батпаққа батып қалды.

Иассауи көшесі де сол. Мамандар бұл көшеге жылу құбырын салғанда, қалыңдығы 25 см асфальтты қопарған, ал құбырды қондырғасын үстін 5 см асфальтпен жаба салған деп отыр. Оның өзін қалай болса, солай істегенге ұқсайды. Құлжа тасжолы мен Бұқтарма көшесінде де 15 см болуы керек асфальттың орнына 5,5 см асфальт төселген. «Техқадағалаудан қалай өткен?» деген сұраққа жекеменшіктегі техникалық қадағалау қызметі міз бақпайтын шығар.

Айналып келгенде жол салуға кімдердің тендер ұтып алатыны туралы нүктесі жоқ әңгіме шығады. Ұтып алады, сосын бірнеше субмердігер компанияларға береді. Олар пайда көру үшін бәрінен үнемдейді. Алматы әкімі Д.Сатыбалды бір-ақ апта бұрын жолдардың сапасына орай жиын өткізген...

Ақыр соңында жол жөндеген «Спецстрой Групп ЛТД» және «Спецкоммунстрой» жауапкершілігі шектеуші серіктестіктерінің «жұмысын қадағаламады» деп Әуезов ауданының әкіміне қатаң сөгіс берілді.

Уәлиханов көшесінің бойында брусчаткалар ұрлануына орай Медеу ауданының әкімі де қатаң сөгіс алды. Үлкен Алматы өзені маңында гранит тастардың ұрлануы ше? Тапа-тал түсте ұрлық бола береді екен, ә?..

Аптадағы екінші бір назар аудартқан оқиға Астанада болды. Қаланың қақ ортасында 8 қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатына орналасқан дәмханада таңғы 4 шамасында өрт шығып, адамдардың өміріне қауіп төнді. Әйтеуір бәрі аман, бірақ пәтерлердің терезесі қирап, тұрмыстық техникалар істен шыққан, үйлерінің іші адам көргісіз.

«Палау орталығы санитарлық нормаларды сақтамайтын, майды қоқыс контейнерлеріне төгетін, қалдықтарды да. Жертөле толып қалатын, кәріз жүйелері істен шығатын. Күйген-піскен тамақтың исі мұрынды жаратын. Қаншама рет шағымдандық. Оған селт еткен ешкім болмады» деген тұрғындардың бірі журналистерге. 

Әкімдіктің хабарлауынша, бүлінген 8 пәтерді және үйдің қасбетін жөндеу шығындарын дәмхана иелері өтейді. Тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмхана-мейрамханалардың санитарлық нормаларды сақтамайтыны кез-келген қалада бар проблема. Айғай-шу, музыкадан елдің әбден шаршағанын қосыңыз. Құзырлы органдарға арызданады, қайта-қайта полицей шақырады. Бірақ ешнәрсе істей алмайды. 

Тоқталатын үшінші оқиға: Алматы облысы Алатау қаласында қоқыс полигонындағы өртке байланысты техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Әкімдік «жағдай бақылауда, тұрғындардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ» деген. Иә, өрттің беті қайтты, алайда бықсып жатыр. Қала тұрғындары көк түтінге шағымданып отыр. «Қазгидромет» алғашқы күндері азот диоксидінің шамадан тыс көбейгенін тіркеген. Төтенше жағдай министрлігі өртті сөндіруге алты аймақтың мамандары қатысып жатқанын хабарлады.

Өрт ошақтарының 10 метрден астам тереңдікте және полигонда лак-бояу материалдарының болуы өрт сөндіру жұмыстарын күрделендіріп отыр. Енді сұрақ: Қоқыс полигоны бақылауда болған ба? Басқа қоқыс полигондарында тәртіп бар ма еді, десеңізші...  

Жолдауда Президент Құрылыс кодексін жыл соңына дейін қабылдауды тағы айтты. Цитата: «Жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс».

Депутаттар «Құрылыс» дегеннің орнына «Қалақұрылысы кодексі» деп атауды ұсынды. Құрылыс қана емес, құрылысты жоспарлауды, сонымен бірге регламенттер мен архитектуралық стильді іске асыру функцияларын енгізудің маңызды екенін ойлап.

Бұл кодекске орай пікірталас көп. Былтыр Мәжіліс депутаты Б.Базарбек «кодексті дайындауға артық 291 млн теңге жұмсалған, ал құжаттың өзі мектеп оқушысының рефераты сияқты» деп мәлімдеген. Басқа депутаттар да сұрақ қойған. Бірақ соңы сиырқұймышақтанып кетті.

Қазір ше, процесс қалай жүріп жатыр? Ірі құрылыс компанияларының лоббиі басып кете ме, деген қорқыныш бар. Себебі депутаттар «тұрғызылған нысандарды пайдаланудың кепілдік мерзімін кейбір жағдайда мердігерлердің өздері анықтап белгілеуі мүмкін» деген норма енгізіп қойған деп дабыл қақты.

«Кейбр жағдай» деген қандай жағдай? Қолданыстағы заң бойынша кепіл берілген уақыт 2-ақ жыл. Иә, жобада соны 5 жылға ұзарту жазылған. Бірақ депутаттар оны 10 жыл деп бекітуді ұсынады. Ондағы ой – әдеттегідей бәрі мемлекет қазынасының есебінен жөнделе беруі керек пе? 

Амангелді Сейітхан таразылайды.


Бөлісу