Қайтқан қаржы: Жемқорлардан өндірілген ақша 500 миллиард теңгеден асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайтқан қаржы: Жемқорлардан өндірілген ақша 500 миллиард теңгеден асты

06.12.2022

Жемқорлардан қайтарылған қаржының жалпы көлемі бүгінде 500 миллиард теңгеден асты. Жыл соңына дейін триллион теңгеге жеткізу көзделген. Осыншама қаражат негізінен мектеп салуға жұмсалады деп жоспарланған. Ал жаңадан бой көтеретін білім ордаларының саны қанша болмақ?

Қазір елде 840 мыңнан астам оқушыға орын тапшы. Сондықтан ұл-қыздар үш ауысыммен оқиды, әрі бір сыныпта бала саны тым көп. Әрине бұл білім сапасына кері әсер ететіні анық. Оның үстіне апатты мектептер тағы бар. Жыр болған проблеманы біржола шешу үшін Президент жемқорлардан өндірілген ақшаға жаппай мектеп салуды тапсырған еді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Үкіметпен бірлесіп Президент тапсырмасын іске асырып жатыр. Заң актілеріне тиісті түзетулер жобасы әзірленді. Қазір жемқорлыққа қатысты іс бойынша тәркіленген ақша мен өзге де активтер бірден бюджетке түсіп жатыр.

Ал кей өңірлер сол қаржыға мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыра бастады. Мәселен Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Құмжарған ауылында 2019 жылы жаңа білім ұясы пайдалануға берілуі керек еді. Бірақ шаруаны созбалаңға салған мердігер ақырында істі аяқсыз қалдырып кеткен. Енді жемқорлардан қайтарылған қаржыға құрылыс қайта жанданып отыр.

Дәурен Ерғарин, Ақтөбе облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы:
Сол мектепке 150 млн тг қылмыстық істен тәркіленген қаражат қазір бағытталды. Мердігер анықталып, әкімдікпен бірігіп, осы мердігермен құрылысты жылдың аяғына дейін аяқтауға атсалысып жатырмыз. Қаңтардан бастап біздің оқушыларымыз жаңа мектепке кіреді деп сеніп отырмыз.

Агенттік мәліметіне сәйкес қазір пара алып, қазына қаржысын жымқырғандардан қайтарылған қаржы 500 миллард теңгеден асқан. Бұған орта есеппен 150-ден астам мектеп салуға болады. Оқу ағарту министрінің айтуынша қазір соның ережелері әзірленіп жатыр. Келесі жылы кең көлемде басталатын шаруа, үш ауысым мәселесін шешіп қана қоймай, тек бір ауысыммен оқу тәжірибесіне жол ашады дейді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу- ағарту министрі:
Сондықтан бізге тек үш ауысымдықты жою ғана емес, екі ауысымда ғана оқу емес, біз бірте-бірте бір ауысымдыққа өткеніміз де керемет болады. Өйткені білім сапасы бір ауысымда оқыса, онда бұл білім беру сапасына өте жақсы әсер ететіні сөзсіз.
Досжан Маратұлы, тілші:
Оның үстіне бұл бастама жемқорлыққа қарсы күрестің жүріп жатқанын қоғамға көрсетіп, ой салу үшін де қажет дейді агенттіктегілер. Сондықтан алдағы уақытта пара алып, бюджет қаржысын жымқырғандардың ақшасына тұрғызылатын мектептерге осындай тақтайшалар ілу көзделіп отыр.


Хабарламаларға жазылу