Қарағанды облысында соңғы бір айда аяздан 44 адамды үсік шалған. 22 адам әлі ауруханада жатыр. 6 адамға операция жасауға тура келді. Соңғы бір аптадан бері түнде сынап бағанасы 30 градусқа дейін төмендеп тұр. Мамандар тұрғындарға барынша жылы киініп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді. Аязды күні далада қалып қойғандардың арасында үй-күйсіз жандар ғана емес, ішімдік ішіп аяқ-қолынан айырылғандар да бар.
Ерік Шонбаев, Облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі:
Өте табысты кәсіпкердің көңілді отырыстан шығып, жаяу жүруді қалап, саябақтағы орындықтың бірінің үстіне ұйықтап қалып, үсіп қалған жағдайы кездесті. Салдарынан ол екі аяқ, екі қолынан айырылды. Көбінесе үсік шалған адамдар ішімдік ішкеннен кейін тоңғанын білмей қалып жатады.
Шығыста да сақылдаған сары аяз кезінде үсік шалғандар бар. Тек Өскемендегі №3 қалалық аурухананың травматология бөліміне 10 адам түскен. Барлығының да бетін және аяқ-қолын аяз қарыған. Олардың арасында үй-күйі жоқ азаматтар бар. Сондай-ақ, екі адам далада жұмыс істеп жүріп саусақтарын үсік шалғанын байқамай қалған.
Руслан Нұрланұлы