Екібастұзда 25 көпқабатты және 90 жекеменшік үй жылудан ажыратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда 25 көпқабатты және 90 жекеменшік үй жылудан ажыратылды

29.11.2022

Екібастұзда жағдай күрделі. Тіпті, кешегіден де қиындап барады. Бұған дейін 17 көпқабатты үй мен 3 әлеуметтік нысанда жылу болмаған. Ал, бүгін тағы 25 көпқабатты және 90 жекеменшік үй жылудан ажыратылды. Қиыны сол, аяз қысып барады. Көшедегі құбырлар былай тұрсын, тұрғын үйлердегі жылу батареялары да шыдас бермей жатыр. 

Аяз қысқан сайын бұндай ақаулар жиілеп кетті. Әсіресе өткен түн әбден әбігерге салды. Орталық магистральдан үйлерге жылу тарататын ішкі желі қатып қалды.

Олег Круг, облыс әкімінің орынбасары:
Бүгін 29 қараша таңғы уақытта істен шыққан желідегі ақау салдарынан тағы 25 үй жылудан ажыратылды. Одан басқа 149 жеке меншік үйде осындай жағдай қалыптасқан. Бірақ олардың 59-ы жылуға қайта қосылды.

Кеше кешкісін Екібастұзға еліміздің қалаларынан 23 бригада көмекке келді. Слесарь, сантехник, дәнекерлеушілер тәулігіне 18 сағатқа дейін жұмыс істеуде. Оразалы Өсеров жеке шаруасын тастап, бригадасымен бірге екі күн бұрын көмекке келген. Өзара ауысым жасап күн, түн демей еңбектеніп жатырмыз дейді.

Оразалы Өсеров, жөндеу бригадасының жетекшісі:
Мына екі үйдің жылу жүйесі қатып қалған. Осы таңнан осы үйді жылытып отырмыз. Жылу жіберуге. Қазір енді 1-2 сағатта МәшҺүр Жүсіп 73 үйді жібереміз. Кішкене ғана жұмысы қалды. 75-ші үйді, оны да таң атқанша жібереміз.
Дмитрий Меццер, жұмысшы:
Зайыбым мен қызым кезек-кезек хабарласады. Олар да жылу күтіп отыр ғой. 12 жылдық тәжірибем бар. Бұл жерде мен жүрмей кім жүреді. Уақытша жағдай ғой. Қаланы да, көңілді де жылытамыз.

Жылудан ажыратылған үйлер тоқ пештермен жылытылады. Құбырлар қатып қалмас үшін іштегі суын ағызып тастаған. Ауыз су арнайы көліктермен жеткізіледі.

Бәтима Баяндинова, қала тұрғыны:
Киіммен жүрміз осылай. Білмеймін не болатынын. Не жылы су жоқ. Не суық су жоқ. Міне водовоз тұр. Су әкеледі күнде-күнде. Тасиды адамдарға. Үлкен кісілер бар, балалар бар.

Қазір қалада 8 жерде жылыну пунктері ашылды. Адамдарға ыстық тамақта беріледі. Бірақ барып жатқандар сирек. Апат пен аяздың зардабын қатар тартқан тұрғындар бұл сынақтан аман-есен шығатындарына сенеді.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу