Екібастұзда 22 нысанда жылу жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда 22 нысанда жылу жоқ

28.11.2022

Екібастұзда әлі 22 нысанда жылу жоқ. Жылу энергия орталығындағы апатқа себеп болған магистралдегі негізгі ақауды мамандар екінші күн дегенде әзер тапты. Қазір арнайы бригада құбырды жөндеу үшін барын салып жатыр. Ал, қаланың қысқа дайын болмағанын жергілікті билік енді амалсыз мойындап отыр. 

Оның үстіне жөндеу жұмыстары түнгі уақытқа қалып отыр. Қашан аяқталары белгісіз.

Денис Скляров, «ЕкібастұзЖылуэнерго» ЖШС директорының орынбасары:
Көшеге көлденеңінен салынған. Асфальт қалыңдығы 70 см-ге дейін жетеді. Көлік қозғалысын толықтай тоқтаттық. Бір камерадан екінші камераға дейінгі құбырды тұтастай ауыстыруға мәжбүрміз. Себебі, қысым күшейген кезде ескі құбыр қайта жарылуы мүмкін. Екі күннен бері апаттың салдарын жоюмен айналысып жатқан жедел штаб бүгін де шұғыл жиын өткізді.

Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:
Қазір 17көпқабатты үй және 5 әлеуметтік нысан жылусыз қалуда. Стансада температурасы 75-те 50. Он қазандықтың 6-ы жұмыс істеп тұр.
Апат аймағына келген Мәжіліс депутаттары кінәлілерді анықтап, жазаға тарту керек деп есептейді.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең негізгісі осы инвестордың жауапкершілігін қарастыруымыз керек. Өйткені, ол кісілер бүкіл Қазақстан бойынша нысандарға ие болып отыр. Сол ие болғаннан кейін ол осы халықтың жағдайын жасау.
Жылу орталығының жұмысын жолға қоя алмаған монополист оны мемлекетке тіпті тегін қайтаруға мүдделі. Стратегиялық нысанды толық модернизациялау үшін қомақты қаржы керек дейді ол.

Александр Клебанов, «ЕкібастұзЖылуэнерго» ЖШС құрылтайшысы:
Біздің компания шығыны 17,5 миллиардқа жетті. Біз бұл жөнінде әкімшілікке бірнеше рет айтқан болатынбыз. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеу ұсынысы болды. Біз 51 пайыз акцияны 1 теңгеге бағалап мемлекетке қайтармақ болдық. Егер біздің жұмысымыз біреулерге ұнамаса кәсіпорынды 100 пайыз мелекет иелігіне қайтаруға әзірміз.
Мәселе түбегейлі шешілмегендіктен алғашқы аяз да апатқа ұрындырды. Шынтуайтында тұтас қала жылыту маусымына дайындықсыз кіріскен болып шықты.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:
Жоспарланған жұмыстың барлығы толығымен жүзеге асқан жоқ. Ол үшін ТЭЦ-тың басшылығы алдында ол мәселелер бірнеше рет көтерілді. Жоспарланған жұмыстың жартысын ғана жүзеге асырған болатынбыз.
Негізгі ақаудың орны анықталғанымен қаланың қалыпты өмірге қашан оралары нақты белгісіз. Анығы, прокуратура жуық арада жылу орталығына кіріп, тексеру жүргізбек. Соның қорытындысы бойынша кінәлілерге жаза қолданылады.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу