Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл: елордада салтанатты концерт өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл: елордада салтанатты концерт өтті

26.11.2022

Биыл КСРО халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл толды. Мемлекеттік академиялық филармония ұжымы атаулы датаға арнап салтанатты концерт өткізді. Айтулы шара елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

«Таң самалы» деп аталатын бұл әнді көрнекті композитор жұбайы Клара Рахмадиеваға арнаған. Одан бөлек маэстро зайыбының құрметіне «Қарагөз», «Алтыным, базарым» әндері мен «Алпамыс» операсын да жазған. Концертте бұл туындыларды тыңдаған Клара Рахмадиева жан жарын есіне түсіріп, көзіне жас алды.

Клара Рахмадиева – Еркеғали Рахмадиевтың жары:

Мен ешқашан өлмеймін. Менің мынау концертім тұрғанда, менің симфониялық күйлерім тұрғанда, операларым тұрғанда мен ешқашан өлмеймін. Өмір бойы концертімді тыңдағанда, музыкамды тыңдағанда, естеріңде болсын, мен сендердің жандарыңда болам дейтін еді. Ойлаймын, бүгін біздің жанымызда болған шығар, Ерекең.
Кеш барысында маэстроның ең танымал туындылары, оның ішінде опералардан үзінділер, симфониялық күйлері орындалды. Концеркте Қазақ оркестрі, Симфониялық оркестр, Камералық хор, «Шалқыма» халық би ансамблі қатысты. Сондай-ақ, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті, «Қорқыт» этно ансамблі және Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияның танымал орындаушылары өнер көрсетті.

Ләззат Өтеғұлова, көрермен:

Еркеғали Рахмадиевтың барлық жақсы, ең үздік туындыларынан үзінділер берілді. «Алпамыстан» үзінді тыңдадық. «Қамар сұлу» бар. Бұл кісі енді бүкіл қазақ халқына белгілі керемет композитор ғой. Сондықтан филормонияға басымды ием.
Композитордың шығармашылық қызметі 2004 жылдан бастап елордамен тығыз байланысты болды. Еркеғали Рахмадиев соңғы күндерге дейін өзінің талантын, тәжірибесі мен білімін шәкірттеріне үйретумен болды. 2021 жылы оның есімі Мемлекеттік академиялық филармонияға берілген.



Серік Селеубайұлы, Сұңқарбек Қайсин

Хабарламаларға жазылу