ИИДМ: «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жалғастыру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ИИДМ: «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жалғастыру керек

25.11.2022

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жалғастыру керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Сенаттың үкімет сағатында осындай ұсыныс жасады. Өйткені, баспанаға зәру халықтан көп өтініш түсед. Ведомство өкілі үйге кезекке тұру жүйесі өзгеретінін жеткізді. Енді бұл шаруа әкімдіктер арқылы емес, «Отбасы банк» арқылы жүргізілмек. Жиында, толық емес отбасыларға несиеге үй алуға жеңілдік беру жайы да көтерілді.

Бүгінде елде 148 мыңнан астам толық емес отбасы баспанаға мұқтаж. Олардың 60 пайызының табысы күнкөріс деңгейіне де жетпейді.

Сенатор Серік Шайдаров толық емес отбасылардың жағдайына алаңдап тұр. Себебі, аталмыш санат «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығарылған еді. Оған жалған ажырасу көбейіп кеткені әсер еткен. Мысалы 2019 жылы осындай 27 400 жағдай тіркелсе, бір жылдан кейін бұл сан 2 есе көбейген. Ал, өткен жылы 48 мыңнан астам жанұяның шаңырағы шайқалған. Қазіргі жүйе бойынша олар 5%-дық ипотекамен үй ала алады. Бірақ, сенатор мұны тиімсіз, әрі пайызы көп дейді.

Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Уәкілетті мемлекеттік органдар осы мәселені жан-жақты зерделеп, нақты мұқтаж толық емес отбасылар үшін жылдық 2%-бен кредиттік тұрғын үй алу тетігін, соның ішінде халықтың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларға өзгерістер енгізуді айқындауы қажет деп санаймын.

Үйге кезекке тұру мәселесі де сөз болды. Бұл құқық әкімдіктен «Отбасы банкке» беріледі. Есепке қою және қарыз алу үшін, «тұрғын үйге мұқтаж» мәртебесін растау «бір терезе» қағидаты арқылы жүргізіледі. Өзгеріске әкімдік қызметкерлерінің астыртын жұмысы түрткі болған. Олар қызметін асыра пайдаланып, кезекті жылжытып отырған.

Еркебұлан Дауылбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

Біздің тарапымыздан осындай факті анықталғаннан кейін тиісті құқық қорғау органдарына біздің ұсынысымыз берілді. Ақпарат берілді, жұмыс тобы қазір құрылып жатыр сол құқық қорғау органдарымен, бас прокуратурамен бірге.

Жауапты органдар толық емес отбасылар жалдайтын баспана субсидиялауды қарастырып жатқанын айтады. Бұл деген көмек алуға құқығы бар санаттардың тізбесін «толық емес отбасылар» санатымен толықтыру. «Отбасы банк» басшысы бұдан бөлек жуырда жастарға арналған бағдарлама пайда болатынын мәлімдеді.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

Қазір біз «Алматы жастары», «Елорда жастар», «Әулиеата жастары» бағдарламаларын бастадық. Бүгін Абай, Жетісу облысында бастадық. Қазір біз 7-8 шартқа қол қойып жатырмыз, жақсы-жақсы жаңалықтар тағы да болады. Қазір бүкіл әкімдіктермен осы желтоқсан айында тағы да қол қоямыз. Тағы да жастарға арналған жаңа бағдарлама болады.

Алдағы 7 жыл ішінде 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Үлескерлік тәсілмен салынуы тиіс болған барлық проблемалық үйлердің құрылысы аяқталады. Апатты жағдайда деп танылған және тозығы жеткен 40 мыңға жуық тұрғын үй иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету көздеп отыр. Сондай-ақ, «Ұлттық банктің «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жалғастырылады. Десе де, бұл заң жобасы қашан әзірленіп, нақты қабылдапнып, қабылданбайтыны белгісіз.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу