Ұшақ кешіккен жағдайда салынатын айыппұл мөлшері белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұшақ кешіккен жағдайда салынатын айыппұл мөлшері белгілі болды

24.11.2022

Ұшақ кешіккен жағдайда билет құнының бір бөлігі қайтарылады. Бұл туралы Сенатта «Көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша» Заң жобасын таныстырған - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі айтты. Талап бойынша қаржы тек әуе компаниясы тарапынан әбестік кетсе ғана төленеді. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша әуе компаниялары рейсті белгілі бір уақытқа кешіктірсе, ыстық тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз ету керек. Шарт толықтай орындалып жүр ме?

Абай облысының тұрғыны Алмас Ахасұлы 13 қарашада Астана-Семей бағытына билет алған. Денсаулығы сыр берген әкесімен ұшпақ болған жолаушы белгіленген уақытта ұша алмайды. Таң атқаннан кеш батқанға дейінге уақытта әуежайда өткіздік, дейді. Әуе компаниясының өкілдер ешқандай түсінік бермеген көрінеді. Тіпті, ішерге ас, жатарға орын қарастырмапты.

Алмас Ахасұлы, Абай облысының тұрғыны:

Адамша шықпайды, бүгін де ертеңде болмайды ұшақ, сабыр сақтаңыздар немесе билеттеріңізді өткізіңіздер болмаса осы күнге алған билеттеріңізді ауыстырып, сол күнге алыңыздар деп айтса болады ғой. Ол кісілерге бізге жауып бермей қазір ұшады, қазір ұшады деумен болды. Біреулер жаназаға кетіп бара жатыр, біреулер іс-шараға, әке-шешесінің туған күніне кетіп бара жатыр.

Сенат отырысына қатысқан министрдің өзі ұшақтардың уақыты ұшпайтын жағдайлары жиілегенін мойындап отыр. Есінде тек «Эйр Астана» әуе компаниясына 7 рет айыппұл салғаны қалыпты. Бүгінгі ұсынған заң жобасында да жолаушылардың қауіпсіздігіне қатысты тармақтар қарастырылған. Сондай-ақ, ұшақтар кешіксе билет құнының бір бөлігі қайтарылатынын да айтып қалды.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Әуе компаниясының кінәсі болып ұшақ уақытында ұшпайтын болса, әр сағатына билет төлемақысынан 3 пайызын қайтаруы керек. Ол үшін әуе компаниясына арыз жазу керек. Егер, әуе компаниясы оны орындамаса одан бұл мәселе сот арқылы шешіледі. Мемлекет тарапынан ондай тәртіп бұзушыларға айыппұл салынады.

Егер ұшақтың себепсіз кешігуі бірінші рет тіркелесе, 200 АЕК, екінші рет қайталанса 1000 АЕК айыппұл төлейді. Мұндай тәртіпке бағынбайтын жағдайдың әр қайсысы бақылауда, дейді министр. Сондай-ақ, Қайырбек Өскенбаев Қазақстаннан ұшатын рейстердің 80 пайызы кестеден кешікпейтінін жеткізді. Бұдан бөлек, елде шетелдік әуе рейстерінің билеті арзандауы мүмкін. Қазір ведомство «ашық аспан» бағдарламасы аясында лоукостерлермен келіссөзді бастап кетті. Ол келер жылдан бастап жүзеге асырылмақ.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу