Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының төртінші ойын күнінде тағы да сенсация тіркелді. Е тобындағы Германия құрамасы Жапонияға жол берді. Әлемдік додада төрт мәрте чемпион атанып, бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінген неміс футболшылары қай кезде де мықтылар қатарында саналады. Алдымен Германия құрамасынан 33-минутта Илкай Гюндаган пеналтиден есеп ашқан еді. Екінші кезеңде Жапония қарсыластың қарқынына лайықты төтеп бере білді. Есесіне қарымта шабуылда гол соғатын мүмкіндік іздеді. Нәтижесінде 75-минутта Рицу Доан таразы басын теңестірсе, Такума Асано 83-минутта Жапонияны алға шығарды.
Ал осы топтағы Испания мен Коста-Рика командалары арасындағы ойын ең көп ұпай санымен тіркелді. Фавориттер қатарында саналатын Испания алғашқы жарты сағатта-ақ ойын тағдырын шешіп тастады. Алдымен 11-минутта Гавиден пас алған Дани Ольмо есеп ашты. Бұл Испания құрамасының әлем чемпионаттары аясындағы 100-інші голы еді. Арада 10 минут өткенде, сол қанаттан Жорди Альбадан келген допты Марко Асенсио тоқтатпастан теуіп, қақпа бұрышын дәл көздеді. Соңғы жетінші гол 90-минутта тіркелді. Осылайша кездесу 7:0 есебімен аяқталды.