ОСК Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОСК Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады

21.11.2022

ОСК Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, қазіргі уақытта ел өңірлері мен шет елдердегі сайлау учаскелерінде дауыстарды санау аяқталды. Кеше күні бойы онлайн режимде өңірлердің жедел деректері негізінде ОСК қазақстандықтардың дауыс беруге қатысуының белгілі бір уақыттағы жағдайын хабарлап отырды. 9 брифинг өтіп, ақпарат шұғыл таратылды. Сонымен қатар, нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адам. Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетендерді алған.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Қ.Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8% сайлаушы таңдаған. Сонымен бірге, Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген. Әзірге аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электронды көшірмелерін ұсынды.

Әсима Нұрбай

Хабарламаларға жазылу