Бүгінгі сайлау шетел баспасөзінің де назарынан тыс қалған жоқ. Солардың қатарында «Рейтер», «Ассоушиэйтид пресс», ТАСС агенттіктерімен бірге «Си-эн-эн» телекомпаниясы және Азияның маңдайалды басылымдары да бар.
Президенттік сайлау – әлемдік БАҚ назарында
Бүгінгі президенттік сайлау жөнінде әлем ақпарат құралдары да хабар таратып жатыр. Солардың қатарында «Рейтер» агенттігі бар.
Оның дерегінше, қазақстандықтар Ресей рецессияға ұшырап, экономикалық өсімге салқынын тигізген шақта дауыс беруге барды.
Бұл тақырып Германияның «Неміс толқыны» телерадиокомпаниясының да назарынан тыс қалған жоқ. Оның дерегінше, бүгін 12 миллиондай қазақстандықтың мемлекет басшысын таңдауға құқығы бар.
Ал, «Ассоушиэйтид пресс» агенттігінің хабарлауынша, осыған дейін реформа жүргізіп, парламенттік пәрменін күшейтіп, президенттің билігін шектеген Қазақстандағы сайлау турбуленттік жылмен тұспа-тұс келді.
Бүгінгі сайлау жайында Ресейдің ТАСС агенттігі де материал жариялады. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның халықаралық қатынастарда көпвекторлық саясатты әрі қарай да ұстанатыны айтылған.
Американың «Си-эн-эн» телекомпаниясының түрік тіліндегі редакциясы болса, Қазақстандағы сайлауды байқауға түркітілдес елдер ұйымдары өкілдерінің қатысқанына мән беріпті.
Жапонияның «Никкей-Азия» басылымы осы аптаның соңғы күндерін Азия үшін қарбалас деп сипаттап, сары құрлықта Қазақстанмен бірге Малазия мен Непал жұрты сайлауға барғанын хабарлады.
Арыстан Рысбек