Сайлауға санаулы күн қалды: Кандидаттардың үгіт-насихаты қалай жүріп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлауға санаулы күн қалды: Кандидаттардың үгіт-насихаты қалай жүріп жатыр?

14.11.2022

Осы жексенбі қазақстандықтар үшін маңызды саяси науқан Президент сайлауы өтеді. Басты саяси дода жақындаған сайын кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері сайлаушылармен кездесіп, дауыс беруге шақырып жүр.

Қ.Тоқаев штабының мүшелері Атырау тұрғындарымен кездесті

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Атырау облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Штаб мүшелері әуелі «Болашақ» мұнай-газ зауытының ұжымымен кездесіп, елдің энергетикалық секторын дамыту жөніндегі шараларға назар аударды. Ал, мұнай-газ саласының ардагерлерімен жүздесуде кәсіпорындардағы еңбек жағдайларын жақсарту және жалақыны арттыруға қатысты мәселелерге тоқталды. Бұдан соң балық өңдеу кәсіпорнының алаңында сала кәсіпкерлерімен бірлесіп, балық шаруашылығын дамыту және су нысандарының экожүйесін қорғау жөніндегі шараларға қатысты пікір алысты. Сонымен қатар облыс жұртшылығымен кездесу өтті. Жиында өңірлердегі әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға арналған мәселелер талқыланды.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Республикалық қоғамдық штаб мүшесі:
Бүгін коалициялық топ сайлауға байланысты Атырау жеріне келдік. Біздің мақсатымыз - жергілікті халықпен, өндіріс орындарындағы адамдармен кездесіп, сайлаудың маңыздылығын түсіндіріп айту.

М.Қажыкен Алматы қаласына барды

Бұған дейін үгіт-насихат науқаны аясында елдегі тоғыз өңірді аралаған Мейрам Қажыкен Алматы қаласына барды. Онда әуелі құқық қорғау органдары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері және қоғам қайраткерлерімен жиын өткізді. Парақорлық тақырыбында пікір алмасу болды. Жиыннан соң кандидат «Шаңырақ» ардагерлер үйіне барып, әлеуметтік қызмет алушылар және еңбек адамдарымен кездесті. Қарттардың жағдайын біліп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ардагерлер зейнетақы мәселесін көтерді. Ал еңбек адамдары әйелдердің зейнетке шығу жасы жайында сөз қозғады. Одан кейін кандидат желдеткіш шығаратын зауытқа барды. Мейрам Қажыкен ертең де Алматы қаласында бірқатар кездесулер өткізеді.

Мейрам Қажыкен, Президенттікке кандидат:
Мәдениет, азаматтық қоғам, заңдардың орындалуы. Сыбайлас жемқорлықпен қалай күресу керек. Ең алдымен мәдениетте, адамның сана-сезімінде, халықтың да, қоғамның да. Бізде мықты азаматтық қоғам болуы керек. Азаматтық қоғам болса онда билік те бақылауда болады. Бізде заңдар бар. Белгіленген. Бірақ сол заңның баптары нақты орындалуы керек.

Ж.Дайрабаев шаруалармен кездесті

Президенттікке «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев пен оның партияластары Маңғыстау облысына барды. Мұнайлы ауданындағы жылқы шаруашылығына ат басын бұрды. Қожалықта Адай, Мұғалжар және ағылшын тұқымды жылқылар өсіріледі. Мұнан соң кандидат ұн-жарма комбинатының жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 200 мың теңге. Зауыт тәулігіне 150 тонна нан-тоқаш өнімдерін өндіруге қауқарлы. Комбинатта әу баста 50-ге жуық адам жұмыс істеген. Қордаланған қарызға байланысты ішкі штат айтарлықтай қысқартылды. Жалпы қарыз көлемі 450 млн теңгеге жеткен. Комбинат аумағындағы цехтардың бірі істен шыққан.

Анас Баққожаев, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:
Бұл шаруашылықтардың бірінші проблемасы мал азығы. Өздеріңіз білесіздер, былтыр қуаңшылық болған. Соның салдарын былтыр көргенбіз. Биыл жаңбыр көп болып, ылғал көп жақсы шықты өнім. Ұн шаруашылығы бойынша негізгі проблема - вагондардың жетіспеушілігі. Иә, мемлекет тарапынан арзан бидай берілді. Бірақ оны жеткізуге бізде вагон жоқ.

Н.Әуесбаев Жаңаөзен тұрғындарымен кездесті

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат жұмыстарымен Маңғыстау облысына барды. Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиында сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы туралы мәлімет берді. Сайлаушылар тарапынан да оппозициялық партия өкіліне бірқатар сұрақ қойылды. Негізінен қымбатшылық, партияның жұмысы, білім саласы, мұнайшылардың зейнетке шығу жасына қатысты мәселелер қозғалды. Бұл - кандидаттың сайлауалды науқаны аясында барған сегізінші аймақ. Ертең Ақтау жұртшылығымен кездесу жоспарланған.

Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:
Біз сайлауалды бағдарламамыз бойынша Қазақстанның барлық өңірін аралап өттік. Шығыстан басқа аймақтардың бәрінде. Кездесу барысында айтылған пікірлер оның ішінде әртүрлі пікірлер болды. Мемлекеттің құрылымы туралы, басқа да. Бірақ, маған өте ұнаған сұрақтардың бірі - жергілікті жердегі мәслихат депуттарын сайлау, олардың белсенділігін қалай арттыру керегі туралы.

Ана мен бала денсаулығы талқыланды

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова сайлауалды үгіт-насихат науқанымен Атырау облысына барды. Медициналық мекеме қызметкерлерімен, үкіметтік емес ұйым өкілдері және қоғам белсенділерімен кездесулер өткізді. Жиын барысында кандидат сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Кездесуде көтерілген негізгі мәселе – ана мен бала өлімін азайту тұрғысында болды. Бұл саладағы жағдайды жақсартудың жолдары жан-жақты талқыланды. Кандидат қоғамдағы жағымсыз құбылыстың басты себептерін атап, оны шешу жолдарына қатысты көзқарасын білдірді.

Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:
Жүкті әйелдердің өлім-жітімінің өсуінің негізгі себептерінің бірі - Ковид пандемиясы болды. Ал келесі мәселе – ғимараттардың тозуы, тиісті инфрақұрылымның жоқтығы мен жабдықтардың жеткіліксіз деңгейі. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша тек бір ғана Атырау облысында ана өлімінің 2 фактісі тіркелді. Ал 1 жасқа дейінгі бала өлімі болса бұл өңірде 9 ай ішінде 114-ге жеткен.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу