Сайлауға 15 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлауға 15 күн қалды

04.03.2023

Сайлауға он бес күн қалды. Саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Депутаттыққа үміткерлер сайлаушылармен кездесіп, бағдарламаларын таныстырып жүр.

«AMANAT» партиясының Қызылорда облысындағы үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін саяси ұйым өкілдері «Жан-Арай» көпбейінді агроиндустриялық кешен алаңында Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ұжымымен және облыстағы күріш өсірушілерімен кездесті. Ашық әңгіме барысында егін суаратын су тапшылығы, субсидиялау жүйесіндегі және тағы басқа да мәселелер талқыланды. Одан бөлек, педагогтармен де кездесу өтті.

Ерлан Қошанов, «Amanat» партиясының төрағасы:

Тәртіп болу керек мемлекетте. Заң үстемдік құру керек. Ол үшін біздің қоғамымыз да дайын болу керек. Ұстаздар бұл жердегі сіздердің еңбектеріңіз, сонымен бірге жауапкершіліктеріңіз өте зор.

«Ауыл» партиясы ел батысындағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Атырау облысында жалғастырды. Кандидаттар Махамбет ауданына барып, сайлаушыларымен кездесті. Мұнан соң, асыл тұқымды ешкі шаруашылығымен айналысатын фермаға ат басын бұрып, еңбеккерлерімен әңгімелесті. Одан кейін Атыраудағы Абай орталығына барып, партия мүшелері ұйымдастырған көрмені тамашалады. Өңірдегі үгіт-насихат жұмыстары ертең өзге аудандарда жалғасады.

Әли Бектаев, «Ауыл» ХДП партиясының төрағасы:

Үлкен-кішісі болып бізді жақсы қарсы алып жатыр. Сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін білдіріп жатыр. Жалпы біздің кездесулердің көбі ауылдық жерлерде өткізіліп жатыр.

«Respublica» партиясы мұнайлы өлке Атырауда! Кандидаттар жергілікті тұрғындармен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын түсіндірді. Жиынға келушілердің басым бөлігі жастар. Басқосуда қоғамдағы әр түрлі проблемалар мен өзекті тақырыптар көтерілді. Негізгі әңгімеге арқау болған экология мәселесі. Тұрғындар ауаның шамадан тыс ластануы алаңдатып отыр. Партия өкілдері айтылған талап-тілектерді тыңдап, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Сырымбек Тау, «Respublica» партиясының тең төрағасы:

Осы күнге дейін 11 облыс, 3 қаланы қамтыдық. Бірақ кей жерде кішкентай ауылдарға қосылдық. Жалпы санын айтсақ бір миллионнан асып жығылдық. Бізде 277 сайлаушымыз бар Мәжіліске, маслихатқа аудандық облыстық деңгейде сайлауға түсіп жатқан.

«Қазақстан халық партиясының» өкілдері өңірлердегі үгіт-насихат шараларын жалғастыруда. Олар бұл жолы Шымкенттегі классикалық киімдер фабрикасында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Кандидаттар мекеменің өндіріс барысымен танысып, тігіншілермен тілдесті. Саяси ұйым өкілдері жұмысшыларға сайлауалды бағдарламасын таныстырып, оларды толғандырған сауалдарына жауап берді.

Бейбіт Мейірманова, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі

Бұл мекеме өте үлкен мекеме. Дей тұрғанмен бұл жерде де халықтың өз ойлары, мәселелері бар шешілмеген. Болашақта кеңейтуге, фабриканы үлкейтуге жағдай жасауларын сұрауда. Өзге де еңбек ұжымдарымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдап партиямыздың бағдарламасын ары қарайда таныстыруды жоспарлап отырмыз.

Алматыда «Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері мен жас спортшылар веломарафон ұйымдастырды. Іс-шараға қатысушылар мәдениет және демалыс саябағынан бастап, шаһар көшелері арқылы 10 шақырымды бағындырды. Саяси ұйым өкілдері осы арқылы қоғам арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды, насихаттауды көздеп отыр. Веломарафоннан кейін саяси ұйым мүшелері спортшыларға партия бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді.

Айнұр Сәбитова, «Байтақ» жасылдар партиясы саяси кеңесінің мүшесі:

Іс-шара экологиялық таза транспортты пайдалануға үндейді. Біз адал әрі білімді жастардың буынын тәрбиелеуміз керек. Қоғам үшін әділетті Қазақстанды құруда осындай азаматтардың үлес қосуы маңызды.

«Ақ жол» партиясынан кандидаттар Қостанай қаласына барды. Жергілікті кәсіпкерлермен тілдесіп, үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Ет өндіретін ірі комбинаттың біріне барып, мамандармен кездесті. Партия төрағасы ұйымның тұғырнамасын таныстыра отырып, кәсіпкерлік субъектілердің даму жағдайын білді. Кандидаттар қаладағы тағы бірнеше фабрика-зауытты аралады. Партия өкілдері үгіт-насихат аясында бүгінге дейін бес мыңнан аса кездесу өткізді.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

«Ақ жол» партиясы өз сайлауалды осы іс сапарларын жалғастырып жатыр. Алдымен Оралда, Ақтөбеде болғаннан кейін міне Қостанай облысына келіп отырмыз. Міне бүгін ет комбинатына келдік, одан кейін тағы үш еңбек ұжымын аралап шығайын деп отырмыз.

Бүгін Алматыда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мүшелерінің ұйымдастыруымен бейбіт митинг өтті. Қатысушылар өңірдегі тұрғын үй құрылысының сапасына қатысты мәселелерді көтерді. Әсіресе жер сілкінісінің қаупі жоғары аймақтарда бұл өте өзекті, - дейді жергілікті штаб басшысы Тазабек Сәмбетбай. Жалпы, депутаттыққа үміткерлер бүгінге дейін 300-ден астам үгіт-насихат шарасын өткізді. Енді үгіт-насихат аясындағы мұндай шара санын 500-ден асыруды жоспарлап отыр.

Тазабек Сәмбетбай, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» қалалық штаб басшысы:

Бүгінде мысалы біз Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалы митинг өткізіп жатырмыз. ЖСДП сайлауалды бағдарламасы барлық заңмен рұқсат етілген, барлық алаңдарда орналастырылған. Олар билбордтар, лэд-экрандар.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу