Каспийдің жағасында отырған өңір үшін басты мәселенің бірі - ауыз су - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспийдің жағасында отырған өңір үшін басты мәселенің бірі - ауыз су

13.11.2022

Каспийдің күннен-күнге маңызы артып барады. Геосаяси ахуал дәстүрлі дәліздерден бөлек өзге бағыттарды дамытуға түрткі болды. Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстан Әзербайжан арқылы мұнай тасымалдайды. Үкімет мұнай экспортын әртараптандыру үшін арнайы карта әзірлеген.

Құбыр Ақтау портынан Каспий арқылы Бакуге дейін, одан соң Тбилиси-Джейханға мұнай тасымалдайды. Алғашқы меже: 1,5 млн тонна. Премьер-министр Әлихан Смайылов кейін 6-6,5 млн тоннаға дейін жеткізу керек екенін айтты. Бұдан бөлек мұнай теміржолмен Атыраудан Батумиге, одан ары қарай Өзбекстанға, Қытайға тасымалданады.

Ал Ресей арқылы мұнай тасымалдайтын КТК құбырында әлі жөндеу жүріп жатыр. Қазір 3 агрегаттың біреуі ғана істеп тұр. Бірақ үкімет бұл жағдай мұнай тасымалының көлеміне әсер етіп жатпағанын айтады. 20 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеген консорциумда биыл бірнеше рет проблема болғанын ескерсек, Тоқаевтың сол жерде мұнай сақтайтын қоймалар салуды тапсыруының мәні түсінікті. Бұл үшін «Теңізшевройл» компаниясы цистерна-вагондарының санын екі есе арттырып, Батуми мен Өзбекстанға алғашқы лекті де жіберіпті. Демек, соңғы уақытта эфирлерімізде жиі айтып келген Азия мен Еуропаны байланыстыруы тиіс «Орта дәліз» де идеядан нақты жобаға айналатын түрі бар. Бұған Қазақстан да, ЕуроОдақ та мүдделі екені белгілі. Өткен айда Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельдің Астанаға келіп кеткенін, кездесуде басты тақырып осы жаңа бағыт болғанын тағы бір еске салайын.

Яғни, Каспийдің халықаралық, экономикалық рөлі арта түседі. Сәйкесінше, теңіз жағалауындағы Ақтаудың да жағдайы түзелер деп үміттенгіміз келеді. Өйткені мұнайлы өлке осы күнге дейін де Қазақстанды асырап келді. Ал өңірдің өзінде проблема жоқ деп айта алмаймыз. Теңіз жанында, бірақ ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмеген. Экологиясы да жылдан-жылға нашарлап барады. Бұл проблемаларға президент Маңғыстау облысына сапарында тоқталды. Шерхан Жамбылұлының материалы.

Телегей теңіз қарт Каспийдің жағасында отырған өңір үшін басты мәселенің бірі ауыз су. Жергілікті жұрт әсіресе жаздыгүні тіршілік нәрінен тарығып, әбден қиналады. Судың негізгі көзі де осы теңіз. Тек тұзды суды тұщыту керек. Ал жергілікті зауыттардың қуаты жетпей, бүгінгі сұраныстың өзін толық өтей алмай жатыр.

Тіршілік нәріне тапшылық әсіресе жаздыгүні ушығады. Күн ыстық кезде өңірге күн сайын 200 мың текше метр су керек. Ал бар мүмкіндік 150 мың ғана. Cол себепеті су белгілі бір уақытта ғана беріледі. Шілденің шіліңгір ыстығында кейбір елдімекендер тіпті апталап ауызсуыз қалады. Ақтауға іргелес жатқан Мұнайлы ауданының тұрғындары таза суға тек күз түсе ғана қолымыз жетеді дейді.

Рәбиға Қойманова, Басқұдық ауылының тұрғыны:

Міне, құдайға шүкір қыстыгүні суымыз бар ғой, құбырмен келіп тұр. Жазда су тапшылығы болады. Сол кезде қиналамыз біз.

Ауыл тұрғындары қосымша табыс болсын деп мал бағып, бау-бақша егуді қалайды. Алайда өзге түгіл адамға су жетпей жатқанда бұл мүмкін емес шаруа. Жазда тұрғындар кезекке тұрып, аптасына бірнеше мәрте арнайы көлікпен су алдыртуға мәжбүр. Қымбатшылық қысқан уақытта бұл да қалтаға салмақ дейді тұрғындар.

Рәбиға Қойманова, Басқұдық ауылының тұрғыны:

Құдығымыз босап қалған кездері тапсырыспен водовозбен сатып алуға тура келеді. Сағатымен береді әр жұма сайын, ол жадыгүні жетпейді. Қонақ кеп қалады, жазда суды көп қолданамыз білесіз. Бір мәшине 5-6 мыңға сатып аламыз. Себебі тапсырыс жасайтын болсақ 10-15 күн күтіп қаламыз.

Облыс орталығына жақын жатқан аудандардағы 200 мыңнан аса халықты таза сумен қамтып отырған «Каспий» су тұшыту зауыты. Биыл жаңа қондырғылар қойылып, қуаты тәулігіне 5 мыңға артып, 25 мың текше метрге жетті. Президент кәсіпорынның өндірісін 40 мыңға дейін жеткізуді тапсырды.

Нұрлыбай Аққұлып, «Каспий» су тұшыту зауытының директоры:

Енді қыстың кезінде суды тұтыну төмендейтін болғандықтан оны қазіргі жағдайда қап-қазір қосудың қажеттілігі жоқ. Бірақ, келесі жылдың ыстық маусымына біз сол 40 мыңды дайындап елге береміз бе деп отырмыз. Бұл бізге азғантай уақыт бізге тыныс беруі мүмкін. Бірақ болашақта суды тұтыну бұдан да көбейеді деген жоспар бар.

Иә, Маңғыстау халық санының өсімі бойынша елімізде бірінші орында тұр. 2025 жылға қарай суға деген сұраныс тәулігіне 260 мың текше метрге артады деген болжам бар. Сол себепті аймақта 9 бірдей су тұщыту зауытын салу жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кендірлі ауылындағы су тұшытатын зауыттың құрылысын бастау керек. 33 жыл бұрын пайдалануға берілген Астрахань – Маңғыстау су құбыры әбден тозған. Оны жаңғырту және кеңейту жұмыстары өте баяу жүріп жатыр. Үкімет және «Самұрық-Қазына» қоры барлық жұмыстарды мерзімінде орындауға тиіс.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Аймақ жұртын алаңдатып отырған тағы бір мәселе. Қошқар ата қалдықтар қоймасы. Жұрт оны улы көл деп те атайды. Бұл оның бір шеті ғана. Мұнда белсенділігі жоғары радиоактивтік қалдықтар жиналған. Ақтау қаласының дәл іргесінде тұр. Жақын аумақта қоныстанған 400 мыңнан аса халықтың, яғни облыс жұртының жартысынан астамының денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр.

Орынбасар ақсақал осы жердің мәселесін көтеріп, дабыл қағып жүргеніне 30 жыл. Уытты жердің тұрғындарға зияны көп дейді. Себебі мұнда Кеңес одағы тұсында ондаған жылдар бойы 5 бірдей алпауыт зауыттың улы қалдықтары төгілген.

Орынбасар Тоқжанов, «Amanat»партиясы маңғыстау облыстық филиалы жанындағы экологиялық қоғамдық кеңестің төрағасы:

Оның барлығы желмен тараған уақытта адамдардың организмінде түрлі аурулар туғызады. Ең бастысы тыныс алу органдарына қатты әсер етеді. Сонымен қатар жүрек-қан тамыр ауруларына әсер етеді. Сонымен қатар ісік тудыратын аурулар пайда болады.

Қошқар ата қоймасының зияны болмас үшін бетін 30-35 см топырақпен төсеу керек. Бірнеше жыл бұрын оған 15 млрд теңге қаржы бөлінген.

Орынбасар Тоқжанов, «Amanat»партиясы маңғыстау облыстық филиалы жанындағы экологиялық қоғамдық кеңестің төрағасы:

Бірақ түрлі лауазымды адамдардың, түрлі мекемелердің араласуына байланысты ол қайта-қайта тоқтап қалып тұр.

Аймаққа сапары барысында президент бұл мәселенің өз бақылауында екенін айтты. Қошқар ата қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмысы одан әрі жалғасады.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу