Ұлттық мәдениетті ұлықтау: Оңтүстікте «Этно Шымкент» фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық мәдениетті ұлықтау: Оңтүстікте «Этно Шымкент» фестивалі өтті

12.11.2022

Ұлттық мәдениет, салт-дәстүр мен қолөнер бұйымдарын кеңінен таныстыру мақсатында Шымкент қаласында «Этно Шымкент» фестивалі өтті. 

Шара аясында, сондай-ақ этнодизайнерлердің дефиле шоуы, фото және кітап көрмелері, ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Рензе Костер бүгінгі фестивальге отбасымен бірге келді. Голландиялық азаматтың Шымкентте тұрып жатқанына төртінші жыл. Мектепте ұстаздық ететін ол қазақтардың салт-дәстүрі, өнері мен мәдениетін терең білуге құштар. Бүгінгі фестивальде, әсіресе қолөнер шеберлерінің бұйымдарына қатты қызыққанын айтады.

Рензе Костер, Голландия азаматы:

Арнайы жасалған бұйымдар ұнады. Фигуралар әдемі. Менің төрт балам бар. Солармен келдік. Қазақ мәдениетін үйренгіміз келеді. Біз Голландиядан келдік. Бізде мәдениет басқа ғой.

Киіз басу, домбыра жасау, бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұзату. Шетелдік саяхатшылар мен қала тұрғындары бүгін осындай ұлттық салт дәстүрлерге қанықты. Шымкент жайлы фото және кітаптар көрмесін қызықтады. Құрт, қымыз және көже секілді ұлттық тағамдардың қалай әзірленетін көрді.

Туризм - өзіңді өзгеге таныту. Ең бастысы – одан табыс табу. Шымкенттің туристік әлеуеті жыл санап артып келеді. Былтыр ішкі туризм бойынша Шымкентті тамашалауға 215 мың адам келген болса, биылғы 9 айдың өзінде олардың саны 300 мыңнан асып отыр.

Ерлан Қыдыров, Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

Өткен жылы жыл бойына 14 500 ғана шетелдік азамат келсе, биыл 9 айда 25 мыңнан аса турист келген. Оларға салт-дәстүріміз, мәдениетіміз ұнайды.

Шымкент бүгінгі таңда Араб елдері және түркі тілдес елдермен байланысты нығайтуда. Мегаполисте Түркияның құрметті консулдығы жұмыс істейді. Келер айда Біріккен Араб Әмірлігінің бас консулдығы ашылмақ. Сондай-ақ биыл бұл мемлекеттерде Шымкенттің мәдение күндері өтті.

Хабарламаларға жазылу