Президент: Ескерткіш орната бергеннен гөрі есті іске екпін берген дұрыс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Ескерткіш орната бергеннен гөрі есті іске екпін берген дұрыс

08.11.2022

Ескерткіш орната бергеннен гөрі есті іске екпін берген дұрыс. Елге қажет нысандарды көптеп салу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Атырауға барған сапарында осылай деді. Облыста проблема көп. Президент өңірді өркендетудің негізгі жолдарын атады.

Президент жол құрылысын жеке бақылауына алады

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Жолаушылардың қаладан шығысымен қынжылысы басталады. Атырау-Астрахань трассасының сиқы осы. Онсызда отыз жыл күрек тимеген күрежолдың тағы жолы болмай тұр. Құрылысы басталғалы төрт жыл. Бірақ, кідіріс көп. Нәтиже аз. 270 шақырым жолдың жартысы да жөнделмеген.

Жол салуға тиісті қаражат бөлінгелі бірнеше жыл. 85 млрд теңге уақытылы игерілгенде, қазір тақтайдай тегіс жол жатар еді.

Тоқаев мұны шұғыл реттеуді тапсырды. Өйткені, Ресей мен Түркіменстанға шығатын жол. Елдегі төртінші дәліз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Атырау – Астрахань» күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Үкімет оны уақытылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуі тиіс. Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың сапасы да жақсы емес. Жалпы, облыстағы шұрқ тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Бірақ содан ешқандай нәтиже жоқ, тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс орындамайды. Ауданаралық, облысаралық жолдардың сапасы жақсармаса, аймақтарды дамыту туралы айтудың өзі қиын. Сондықтан, жол құрылысы менің жеке бақылауымда болады.

Атырауда мұнай қоймасы салынады

Атырау – мұнайдың астанасы. Қойнауы қазынаға толы болғанымен, қордаланған проблемасында сан жоқ. Мұнайды тонналап шығарса да, тобықтай өнім өндіре алмай отыр. Ал экономиканы әртараптандырмаса болмайды. Өйткені, мұнай-химия өнімдерінің 95 пайызы сол күйі сыртқа кетіп жатыр. Бұл дұрыс емес, деді Президент. Басқасын айтпағанда, мұнай қоймалары жоқ. Салдарынан, бірден экспортталуда. Мұны реттеу үшін Президент қара алтынның қоймасын салуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау жерінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөздер жүргізуі керек. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеуіміз керек. Бұл өте маңызды мәселені Үкімет өз назарында ұстауы қажет. Осы мәселе бойынша негізгі шетел компанияларымен бірге жұмыс істеуге тиіс. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын.

Медициналық инфрақұрылымдар жаңғыртылады

Облыстың экономикасы қуатты, алайда экологиясы ушығып тұр. Уытынан өкпе мен жүрек қабынып, ана мен бала өлімі көбейіп барады. Бірақ, медицинасы мүшкіл. Парадокс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұған өңірдегі экологиялық ахуалдың нашарлығы, білікті дәрігерлердің тапшылығы себеп болып отыр. Осы орайда, басты міндеттің бірі – медициналық инфрақұрылымды жақсарту. Атырау қаласында емхана ғимараттары тапшы. Облыстағы медицина мекемелерінің 40 пайызға жуығы осындай жағдайда жұмыс істеп жатыр. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы сын көтермейді. Тіпті, бұл мекемелердің ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Осы мәселенің бәрін шұғыл шешу қажет.

Өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қойылады

Атыраудың балығы бренд. Бірақ, шаруашылығы шатқаяқтап тұр. Сұраныс бар, ұсыныс аз. Президент шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тартуды тапсырды. Өңделмеген балықты сыртқа жөнелте салуды да доғару керегін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, дайын өнім экспортын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Бұған облыстағы балық кәсіпорындарының шамасы жетеді. Олардың жұмысын халықаралық сапа стандартына сәйкес келтіру керек. Сондықтан, қазіргі жағдайды ескере отырып, өңделмеген балықты шетелге шығаруға шектеу қою мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын.

Жайық тартылып барады

Жайықтың жайы да жанға батып тұр. Өзен тартылып барады. Проблеманы шұғыл реттемесе болмайды. Әйтпесе, кешігуіміз мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Нақты шараларды бүгін қабылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан, табиғатты қорғауға қатысты кез-келген заң бұзушылықтың жолын кесу керек.

Сарапшылар, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері де өз міндетін атқаруға тиіс. Жайықты сақтауға бәріміз күш жұмылдыруымыз керек. Экологиялық ахуалдың нашарлауы көптеген салаға кесірін тигізеді.

Облыстың инфрақұрылымы жаңартылады

Атыраудың инфрақұрылымы да ескірген. Ауылдар бір орталықтан берілетін су жүйесіне қосылмаған. Көп ауыл ауыз суға зәру. Оның шешімін созбалаңға салуға болмайды деді Президент. Электр желілері де тозған. Энергия тапшылығы бар. Жүйені түгел жаңғырту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар. Егер компания өз міндеттемесін орындамаса, ондай келісімді бұзу қажет.

Жасөспірімдерге энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынуы мүмкін

Президент қоғамдағы тағы бір қауіпті үрдісті атады. Ол – есірткіге тәуелділік. Елде 110 мың адам есепте тұр. Тізімде балалар да бар. Электронды темекі мен энергетикалық сусындарға қарсы шаралар әлі де жеткіліксіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы ретте, Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін. Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін.

Ескерткіш емес, әлеуметтік нысандар керек

Ұрпақ тәрбиесіне спорттың ықпалы зор. Бірақ, Атырауда көп нысан ескірген. Есесіне ескерткіш көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ескерткіштер қоя бергеннен гөрі, спорт және медицина нысандарын салуға баса назар аудару қажет. Бұл Атырау облысына ғана емес, бүкіл елімізге қатысты мәселе.

Апатты мектеп, балабақша тапшылығы, жұмыссыздық. Облыста бұл проблемалар да шешілмей жатыр. Жоғары оқу орындарына бөлінген гранттар да игерілмей қалған. Ал жастар арасында жұмыс іздеп жүргендер көп. Концерт залы сақалды құрылысқа айналғалы қашан? Он жылдан бері салынбай тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкімет әкімдікпен бірлесіп, осындай нысандарды салып бітіру мәселесін біржола шешуге тиіс. Қажет болса, инвесторларды тартыңыздар. Халық мұндай ғимараттардың игілігін көруі қажет. Мен Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы – Құрманғазының атымен атауды ұсынамын.

Әлемдегі түрлі қақтығыстардың себебі діни алауыздықтан. Сондықтан бұл мәселеге бей жай қарауға болмайды. Президент мұны тағы еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз елдің қауіпсіздігі мен тұтастығына нұқсан келтіруге ешқашан жол бермейміз. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған. Осы орайда, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды.

Ақсақалдар кеңесінің жұмысы жанданады

Жастарға қолдау, аға буынға құрмет. Бұл ұстаным көп түйткілді шешеді. Президент осы орайда Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыруды жүктеді. Оны Ассамблеяның жанына топтастыруды ұсынды.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу