Еуропа елдерінде инфляция рекордтық деңгейге өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдерінде инфляция рекордтық деңгейге өсті

04.11.2022

Еуропада баға күннен-күнге шарықтап барады. Қазанда инфляция 10 пайыздан асқан. Бұл соңғы 23 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш. Газ бен электр қуатының күрт қымбаттауы салдарынан тұтыну тауарлары, азық-түлік бағасы еселеп артты.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Еуропа статистика агенттігінің мәліметінше, Еуроаймақ бойынша жалпы инфляция деңгейі 10 пайыз болғанмен жекелеген елдерде мұнан да жоғары. Мәселен Италияда 12,8 пайыз болса, Эстония, Латвия, Литвада инфляция 20 процентке жетті. Салдарынан ЕуроОдақта нан бағасы 18 пайызға көтерілді. Венгрияда нан тіпті 60 пайызға қымбаттады. Өсімдік майы, жеміс-жидек, көкөніс, тұрмыстық заттар жалпы бағаның шарықтауы халықтың қалтасына салмақ түсірді.

Люк Дойе, Брюссель қаласының тұрғыны:

Мен көкөніс пен нан ғана сатып алдым. Баға сұмдық. Біздің елде мұндай қымбатшылық соңғы 40 жылда болмап еді. Айлық түкке жетпейді. Үкімет қолдау көрсетпесе аш қалатын түріміз бар.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Халықаралық валюта қоры Еуроаймақтағы 19 мемлекеттің тең жартысы рецессияға ұшырау алдында екенін мәлімдеді. Экономикада өсім жоқ. Сондықтан қарт құрлықта баға әрі қарай да шарықтай береді-дейді сарапшылар. Сатып алу қабілеті төмендеп, қымбатшылықтан қажыған халық наразылық акциясын күшейтпек. Келесі аптада бельгиялықтар жұмысты тоқтатып, жаппай ереуілге шығамыз деп отыр.


Хабарламаларға жазылу