Ресей Украинадан азық-түлік тиеген 218 кеменің қозғалысын бұғаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей Украинадан азық-түлік тиеген 218 кеменің қозғалысын бұғаттады

31.10.2022

Ресей Украинадан азық-түлік тиеген 218 кеменің қозғалысын бұғаттады. Украина инфрақұрылым министрлігі осылай деп мәлімдеді. Жексенбіде Мәскеу Украина астығын Қара теңіз арқылы әлем елдеріне экспорттауға мүмкіндік берген келісімнен біржақты шықты. Аталған құжат шілденің 22-де БҰҰ және Түркияның қатысуымен жасалған еді. Ал Мәскеу болса келісімнен шығуға сенбіде Қара теңіз флоты кемелеріне жасалған шабуыл түрткі болды дейді. Бұл оқиға үшін Кремль Киевті айыптап отыр. Украина жағы бұған қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Президент Зеленский болса, Ресей әлемді аштықпен бопсалап отыр деп мәлімдеп, оның астық келісімнен шығуына қатаң жауап беруге үндеді. Зеленский тағы бір сөзінде Украина армиясы Ресей күштерінің Донецк облысына шабуылдауына тойтарыс бергенін мәлімдеді. Бірнеше ресейлік сарбаз тұтқынға түскен. Қарсылас екі армия арасында қиян-кескі ұрыс Бахмут пен Авдеевка қалалары маңында өтіп жатыр.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу