Басты Жаңалықтар Көкшетауда «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша екі жылда ешқандай жұмыс атқарылмаған

Көкшетауда «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша екі жылда ешқандай жұмыс атқарылмаған

Көкшетауда «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша екі жылда жұмыс мүлде атқарылмаған. Былтыр тұрғындар тарапынан ұсыныстар түспеді. Ал, биыл әкімдік байқау өткізу уақытын созып жіберген. Бұл жобаға сай тұрғындар абаттандыру, аулаларды жөндеу бағытында ұсынысын жеткізеді. Дауыс беру арқылы үздігі анықталып, оған қаржы бөлінуі тиіс.


Шаһарда жөндеуді қажет ететін аулалар аз емес. Солардың бірі - Абай мен Кенесары көшелері қиылысындағы үйлердің маңы. Бірнеше жылдан бері бұл мәселе көтеріліп келеді, бірақ нәтиже жоқ. Биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасын естіп, өздері кіріскен. Құжат жинап, жөндеудің жобасын әзірлейді. Алайда, әзірге пайда болмай тұр.

Индира Бахтерева, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Біздің аула жөндеу көрмеген. Балалар ойнайтын жер жоқ. Шаңы шығып жатады. Қоршаулар, орындықтар қираған. Салынғалы 60 жылдай уақыт өтті ғой. Биыл үміттендік. Сәуір айында байқау аяқталған еді, бірақ сайтта нәтижесі әлі шыққан жоқ.

Сайтты біз де қарап шықтық. 4-інші, яғни қорытынды шығару кезеңінде тоқтап қалған. Жазылған ақпарат бойынша үздік деп танылған жоба биыл іске асуы керек екен. Ал әкімдіктегілер техникалық ақауларға байланысты нәтижесін уақытылы шығару мүмкін болмады деп отыр.  

Жанна Әбдірахманова, Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі:

Байқау қорытындысы жақында ғана анықталды. Сондықтан жобаларды келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылданды. 2023 жылдың бюджетіне өтініш беріледі. Ақпан айында жаңадан байқау жарияланады. Үздік жоба 2024 жылы қаржыландырылмақ.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы облыстық маңыздағы қалаларға арналған. Әзірге Степногорскте ғана сәтті жүзеге асты. Көпшіліктің қалауымен биыл аулалардың бірінде «Биік шаңырақ» деп аталатын мына нысан пайда болды. 

Алмаш Құлмағанбетова, Степногорск қаласының тұрғыны:

Осы «Биік шаңырақтың» жасалғанына өте қуаныштымыз, халық атынан да қуаныштымыз деп айта аламын. Өйткені бұл болашақ ұрпаққа жақсы керемет дүние. Бұл жерде негізі ескі балалар алаңы болған.
Алдағы уақытта «Халық қатысатын бюджет» жобасының ауқымы кеңейіп, оған аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдар қосылмақ. Мемлекет басшысы өз жолдауында осындай тапсырма берді. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Сондықтан тұрғындардың да белсенділігі керек.

Ермек Елберген
Бөлісу