Президентікке кандидат Нұрлан Әуесбаев пен оның жақтастары құтты мекен - Ақтөбе облысына барды. Өңірдегі шалғай ауылдардың халқымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Оппозициялық партия өкілі әуелі Есет батырдың туған жері Алға ауданы Бестамақ елді-мекенінің тұрғындарымен жолықты. Үгіт-насихат жұмысымен барған ол, алдымен тұғырнамасының негізгі бағыттарына тоқталды. Ауыл халқының мәселелеріне құлақ түріп, сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы туралы да аз-кем мәлімет айтылды. Әуесбаев барған ауылда шамамен бес мыңдай адам тұрады. Олардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен, жеке кәсіппен айналысады.
Мейрамбек Камалов, Н.Әуесбаевтың сенімді өкілі:
Осы жиналысқа 80 шақты ауыл азаматтары қатысты, сайлаушылар қатысты. Нұрлан Сатыбалдыұлы өзінің үміткер ретінде сайлауалды бағдарламасымен сайлаушылармен таныстырды. Жалпы, кездесу өз деңгейінде өтті. Сайлаушылардың толық дерлік сұрақтарына жауап берілді.
Бұдан бөлек, Нұрлан Әуесбаев жуырда ғана 355 жылдығы аталып өткен қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған әйгілі батыр - Есет Көкіұлының кесенесіне ат басын бұрды. Батырдың рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Айта кетейік, кандидат ертең Ақтөбе қаласының тұрғындарымен кездеседі. Жалпы, сайлауалды бағдарламасы бойынша 50-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.
Асылбек Данияр