Ертең Президент сайлауына кандидаттарды тіркеу аяқталады. Ал, бүгін Орталық сайлау комиссиясы тағы бір кандидаттыққа ұсынылған Салтанат Тұрсынбекованың сайлауға қатысатынын мәлімдеді.
Асылбек Данияр, тілші:
“Қазақ аналары -дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігінен кандидаттыққа ұсынылған Салтанат Тұрсынбековаға да Орталық сайлау комиссиясының төрағасы кандидаттық куәлгін табыстады. Бұл бір жағынан тарихи оқиға деп айтсақ болады. Жетінші рет өткізгелі жатқан сайлауға екі әйел кандидат қатысады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Тұрсынбекова 18 өңірден сайлаушылардың 119 316 қолын жинаған. Комиссия оның мыңға жуығын есепке алмады. Сондай-ақ, комиссия Салтанат Тұрсынбековаға да банктен арнаулы уақытша шот ашу үшін мәліметтерді жолдады. Кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 22 жыл 10 ай.
Салтанат Тұрсынбекова, президенттікке кандидат:
Біріншіден, мені осы кандидаттыққа ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік «Қазақ аналары - дәстүрге жол» деген ұжымға өзімнің шексіз, үлкен алғысымды білдіремін. Осы сайлау науқанының бірінші кезеңінде әр тірі адамда күмән болады ғой қалай болар екен деген. Ал, қазір расында да барлық сайлау заңы талаптарына сай болғанына көзімді жеткізгеннен кейін әрине, президент болуға бар күш-жігерімді салып, атсалысамын.
Осылайша 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына бес кандидат тіркелді. Енді бір сағаттан соң Орталық сайлау комиссиясы тағы бір кандидатты тіркеуді жоспарлап отыр. Жалпы, кандидаттарды тіркеу ертең аяқталады. Үгіт-насихат жұмыстары да ертең 18:00 де басталады. Ал, саяси науқанға 31 күн қалды.
Асылбек Данияр