Алматы облысының жұртшылығымен кездесуде Президент қазақ тіліне қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдыққа ие болуы қажет. Бірақ тілді пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Мұндай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Қазір ана тілімізде сөйлейтін жастар көбейіп, оның қолдану аясы кеңейіп келеді. Мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері де аз емес деді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз.
Лаңкестер мен бұзақылардан батыр жасаудың қажеті жоқ
Сондай-ақ Президент 9 айда өзіне 41 мыңнан астам өтініш түскенін, және оның әрбір төртіншісі құқық қорғаушылар мен сотқа шағымданғандар екенін айтты. Оның айтуынша бұл құқықтық реформаның әлі де осал екенін білдіреді. Сол үшін заң үстемдігін арттыруды тапсырды. Бұл еліміздің беделіне нұқсан келтірген қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермейді деді, мемлекет басшысы. Осы қасіреттен сабақ алып, бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың қажеті жоқ екенін айтты. Әрі жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар сот алдында жауап беретінін жеткізді.
Досжан Маратұлы