Қонаев қаласында жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыру қажет – Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қонаев қаласында жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыру қажет – Президент

19.10.2022

Қымбатшылықпен күресіп, инфляцияны шұғыл ауыздықтау керек. Бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма беріп, оның орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті. Тілге және қаңтар оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады.

Досжан Маратұлы, тілші:

Қала Қонаев есімін алып, облыс орталығы болғалы небары жарты жыл болды. Әрине атқарылар шаруа көп. Сондықтан жергілікті жұртпен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді дамытудың 6 бағытын айқындап берді. Сонымен Қонаевта академиялық қалашық салынады. ЖОО-лардың филиалдары ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрине, жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен, Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ, жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыруы қажет.

«Аймақ жұрты дәрігерге қаралу үшін де Алматыға қатынайды»,- деді Президент. Сол үшін үш жылда 38 емдеу мекемесі, бір жылда 36 мектеп салынуы керек. Өндірісті арттыру да басым бағыттардың бірі. Ол үшін облыста арнайы экономикалық аймақ ашылады. «Әрі жұмыс істеп, өнім шығарамын дегендерге қолдау көрсетілуі керек»,- деді Тоқаев. Аграрлы облыстың әлеуетін арттыру үшін су тапшылығын жою, Қонаев пен Астана арасында электр пойызын қайта іске қосу секілді тапсырмалар да берді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Қаңтар оқиғасы мен тіл мәселесіне қатысты да мәлімдеме жасады. Айтуынша қыстағы қасіреттің қайталануын қалайтын әлдекімдер бар. Сондықтан елде заң үстемдігі орын алып, қоғамдық тәртіпке баса мән беруіміз керек. Тілге келгенде тек сақтық қажет. Оны пайдаланып саяси ойын ойнаудың қажеті жоқ деді президент. Айтуынша қазақ тілі дамып келеді. Оның саясатын асықпай байыппен жүргізу қажет. Сонда ғана мақсатымызға жетеміз деді мемлекет басшысы.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу