Президент Қонаев қаласының халқымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қонаев қаласының халқымен кездесті

19.10.2022

Президент Алматы облысына жұмыс сапары кезінде Қонаев қаласының халқымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында өңірді дамытудың алты бағытын атады. Мәселен, Қонаевта академиялық қалашық салынып, онда жоғарғы оқу орындарының филиалдары ашылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрине жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті. Пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ жаңа заманауи университет ашу жайын ойластыру қажет.

«Аймақ жұрты дәрігерлерге қаралу үшін Алматыға қатынайды»,- деді президент. Сол үшін 3 жылда 38 емдеу мекемесі, 1 жылда 36 мектеп салынуы керек. Өндірісті арттыруға басымдық беріледі. Ол үшін облыста арнайы экономикалық аймақ ашылады. «Әрі жұмыс істеп, өнім шығарамын дегендерге қолдау көрсету керек»,- деді Мемлекет басшысы.

Аграрлы облыстың әлеуетін арттыру үшін су тапшылығын жою, Қонаев пен Астана арасында электр пойызын қайта іске қосу секілді тапсырмалар берді. Қаңтар оқиғасы мен тіл мәселесіне қатысты да мәлімдеме жасады. Айтуынша қыстағы қасіреттің қайталануын қалайтын әлдекімдер бар. Сондықтан, елде заң үстемдігі орнап, қоғамдық тәртіпке баса мән беруіміз керек. «Тілге келгенде де сақтық қажет. Оны пайдаланып, саяси ойын ойнаудың қажеті жоқ»,- деді Президент. Айтуынша қазақ тілі дамып келеді. Оның саясатын асықпай, байыппен жүргізу қажет. Сонда ғана мақсатымызға жетеміз деді Мемлекет басшысы. 

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу