Су тасқыны: Ақжайық ауданында ауызсу кестемен беріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқыны: Ақжайық ауданында ауызсу кестемен беріліп жатыр

10.05.2024

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында Жайық тасыған кезде жеті ұңғыма су астында қалды. Қазір оннан астам ауылға ауызсу кестемен беріліп, кей елдімекенге көлікпен тасымалданып жатыр. Бұған қоса тасқын кезінде Казталов, Теректі, Сырым, Бәйтерек аудандарындағы гидроқұрылғыларды су басты. Әріптесім Ардақ Мұратқызы ауыл тұрғындарымен тілдесіп, мән-жайды біліп қайтты.

Бұл - Атамекен ауылындағы ауызсу ұңғымасы. Жайықтың суы арнасынан шығып, сай-саланы толтырған кезде гидроқондырғы су астында қалды. Қазір тіршілік нәрі мұнараға жиналып, уақытпен беріліп жатыр.

Арман Жаншиев, су операторы:
Қазір мына резервуарға су жинап қойдық. Бір айдың шамасына жететін су болар. Ауылдықтарға құдықтарына құйдыртып қойдық. Сол құдықтан ішіп отырмыз. Сағатына тек таңертең бір сағат, кешке бір сағат жіберіп отырмыз. Сапасы жақсы, шағым ештеңе жоқ, таза.

Ал бұрын аудан орталығы болған Тайпақ ауылында қалқымалы су сорғысы суда тұр. Орнатылған жерінен 4 метрге дейін көтерілген. Ауылдағы 5 мыңға жуық адам осы қондырғыдан су ішеді. Қазір тұрғындардың кейбірі тіршілік нәрін құдыққа жинап, енді бірі мұнарадағы суды кестемен тұтынып отыр. Гидроқұрылғылар да әбден тозған.

Исатай Ермеков, Тайпақ ауылының тұрғыны:
Ауызсуды осы резервуардан аламыз. Қазіргі таңда су тасқынына байланысты мезгілмен беріп жатыр. Күніне үш мезгіл екі сағаттан. Оған да шүкіршілік етеміз. Түсінеміз. Өте тұнық деп айта алмаймын, 70 % жарайды. Техникалық ақауына қарасақ, жоғары жағы тесік болды. Қыстың күні мұз қатады.

Ақжайық ауданында 12 елдімекенді ауызсумен қамтамасыз ететін жеті ұңғыма су астында тұр. Мерген, Ілбішін, Ақсуат, Алмалы, Қарауылтөбе, Базаршолан, Базартөбе ауылдық округтерінде тұратын 7 мыңға жуық адамның жағдайы жедел штабтың бақылауында. Тайпақта суда тұрған қалқымалы сорғы істен шыққан жағдайда, Жайықтан тікелей су алынып, тазартылып, тұщы сумен қамтамасыз ететін «Таза су» мобильді құрылғысы орнатылып жатыр.

Тимур Мырзағалиев Ақжайық аудандық «Жайықтехсервис» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы:
Су қорын жинақтау өте қиын, өте баяу. Су қазір ластанып кетті. Насосқа кедергі келтіріп жатыр. Тазалаймыз. Алдағы уақытта мына су түсуіне байланысты бәрі қалпына келеді. Қазір облыстан келген екі водовоз Ілбішін ауылына барып, су құйып алып, жақын елдімекендерге тасып жатыр. Арғы бетте 10 тонналық водовоз Есенсай ауылына жақын ауылдарға тасып жатыр, Қауыралтөбе бәріне, ешқандай шағым жоқ.

Аймақта ай жарым уақытқа созылған тасқын кезінде Ақжайықтан бөлек, Казталов, Теректі, Сырым, Бәйтерек аудандарында ұңғымаларды су басты. Мамандардың айтуынша, Жайықтың жайылмасындағы су бір-екі айсыз тартылмайды. Су кеткесін, гидроқұрылғылар дезинфекцияланып, санитариялық-эпидемиологиялық тексерістен өтіп, сынама қорытындысы шыққаннан кейін іске қосылады.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу