Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік нысандар ашылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік нысандар ашылуда

18.10.2022

Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір түкпірінде әлеуметтік нысандар ашылып, түрлі игі шаралар атқарылып жатыр.

Мәселен, бүгін Тараз қаласында минералды тыңайтқыштарды өндіретін цех іске қосылды. Кәсіпорын жылына 1 млн тонна өнім шығарады. Зауытта 400 адам жұмыс істейді. Бұдан өзге, 6 амбулаториялық орталық ашылды. 9 елді мекенді жалғайтын газ құбыры тартылып, бір ауылға көгілдір отын беріледі. Сонымен қатар, өзге аудандарда учаскелік полиция пункті, этнос өкілдеріне арналған ғимарат ашылады. Шу ауданында 200 орындық балабақша мен екі отбасыға «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспана табысталмақ.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Өзіміз шығаратын өніммен толық қамту керекпіз. Сол себептен агрохимияны қалай дамыту керектігін қарап жатырмыз. Бұл біріншіден мына Қазфосфатқа келіп отырмыз. Жаңа цех ашылып жатыр аммофос бойынша. Өйткені оған бізде қызығушылық пен тапшылық бар.

Ал Павлодарда Республика күнін мерекелеу Ертіс-Баян өңірінен бастау алды. «Жанашыр жүрек» акциясы өтіп, 16 мыңнан астам адамға түрлі көмек көрсетілді. Олардың дені егде жастағы, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасылар.

Қызылжар өңірінде де мерекеге орай элеватор, сүт тауарлы фермасы, құс фабрикасы ашылады. Әлеуметтік маңызы бар 15 нысан ел игілігіне беріледі. 25 қазанда облыс орталығында жергілікті өнер ұжымдары мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтпек.

Досбол Әбдірейісов, Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
Осындай іш-шаралар аудан орталықтарында да өтетін болады. АҚШ-тың бүкіләлемдік чемпионатында Гран-при иеленген «Сенситив» би ансамбльі Астана Опера театрында ел басшылығының қатысуымен өтетін басты концертке қатысатынын атап өткім келеді.

Нұрдос Болатұлы

Хабарламаларға жазылу