Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеуге қатысты брифинг өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеуге қатысты брифинг өткізді

17.10.2022

Презденттікке үміткер тағы бір кандидат тіркелді. Ол – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан ұсынылған Жигули Дайрабаев. Осылайша, сайлауға қатысатын үшінші үміткердің аты белгілі болды. Кандидат «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, сайлаушылардың 125 081 қолын жинаған. Оны комиссия арнайы тексерістен өткізген. Нәтижесінде 2 мыңнан астам қолды жарамсыз деп таныды. Сондай-ақ, комиссия Дайрабаевқа банктен арнаулы уақытша шот ашу үшін мәліметтерді жолдады. Әрі комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров оған Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттық куәлігін табыстады. Жигули Дайрабаев президенттікке кандидат ретінде ұсынылып, Орталық сайлау комиссиясына алғаш болып құжат тапсырғандардың бірі. Ол мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 7 жыл.

Жигули Дайрабаев, Президенттікке кандидат:

Мен Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне рақмет айтамын бірінші. Екінші кезекте, менің өзімнің партиялас «Ауыл» партиясының мүшелеріне және «Қазақстан фермелер» қауымдастығының мүшелеріне, осы соңғы күндері өте ықтиятты жұмысты жақсы ұйымдастырып санаулы күндерде 1 пайыздан астам сайлаушылардың қолын жинап бергені үшін.

Сондай-ақ, 20-қарашада өтетін саяси науқан барысын қадағалайтын 43 шетелдік байқаушы аккредиттелген. Орталық сайлау комиссиясының ақпаратынша, Сыртқы істер министрлігі 28 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарына шақыру жіберген. Қазір 4 халықаралық ұйым мен Грузиядан ұсыныс келген. Атап айтқанда, ТМД-дан – 6, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясынан – 17, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросынан - 13, Түркі мемлекеттері ұйымынан – 5, Грузиядан 2 байқаушы аккредиттеуге ұсынылып отыр. Комиссия мүшелері осы қаулыны бекіту туралы шешім қабылдады.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу