Орталық сайлау комиссиясы 3 кандидатты тіркеуден бас тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық сайлау комиссиясы 3 кандидатты тіркеуден бас тартты

13.10.2022

Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат ретінде ұсынылған 3 үміткерді тіркеуден тас тартты. Барлығы Конституциялық және «Сайлау туралы» заңымен президенттікке үміткерлікке қойылатын талаптарға сәйкес келмейді.

Асылбек Данияр, тілші:

Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Хайрулла Ғабжалилов президенттікке қойылатын талапқа сай болмай шықты. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, Қазақстан азаматы емес және соңғы 24 жылда Қазақстанда тұрмаған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте жұмыс өтілі жоқ.

Орталық сайлау комиссиясы кандидат ретінде ұсынылған тағы бір үміткерді тіркеуден бас тартты. Ол - Талғат Ерғалиев, «Қазақстан құрылысшылар одағы» заңды тұлғалардың республикалық бірлестігінен ұсынылған. Ерғалиевтың мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі жеткіліксіз екені анықталды. Жұмыс тәжірибесі - 3 жыл 4 ай. Сонымен қатар, оның кандидатурасын заңды ұйым ұсынған. Талапқа сәйкес, Президенттікке үміткер азамат сайлауға заңды ұйым атынан түспеуі тиіс.

Сонымен бірге, «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынылған, ең соңғы болып құжат тапсырған Фатима Бизақованың кандидатурасы да талапқа сай болмай шықты. Оның да мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ.

Бұдан бөлек, «Футбол жанкүйерлерінің қазақстандық лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігінен ұсынылған Бақыт Жаңабаев мемлекеттік тілден емтихан тапсырды. Линвистикалық емтихан әдеттегідей үш кезең бойынша жүргізілді. Оның нәтижесі түстен кейін шығады.

Қазір президенттікке кандидат ретінде ұсынылған 9 үміткер қалды. Оның біреуі ресми кандидат ретінде тіркелді. Ал, «Мұқалмас» қоғамдық бірлестінен президенттікке кандидат ретінде ұсылған Нұржан Әлтаевтың мәселесі әлі белгісіз. Мендегі әзірге бар ақпарат осы.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу