Жетісу облысындағы Жаркент крахмал-сірне зауыты биылғы жылдың өнімін қабылдай бастады. Кәсіпорын биыл шаруалардан 150 мың тонна жүгері алуға дайын. Зауыттың «дала аруынан» 20-дан астам өнім өндіріп қана қоймай, нарықтағы қант тапшылығын азайта алатын әлеуеті бар. Себебі жүгері құрамындағы тәтті ферменттердің үлесі 70 пайыздан асады.
Алқаптағы жүгері зауыт қырманына төгілмес бұрын оның ылғалдылығы тексеріледі. Жүгері неғұрлым құрғақ болса бағасы да қымбатырақ болады. Одан кейін шикізат бірден зауыттың өндірістік цехтарына жөнелтіледі.
Зауыт толығымен автоматтандырылған. Мамандар барлық процесті компьютерлер арқылы бақылап, басқарады.
Нұрмұхамед Жақыбаев, цех меңгерушісі:
Агрегатта бәрі түсінікті көрсетіліп отырады. Сироп қалай жүреді, температурасы бар бұл жерде. Анализдері бар. Сол анализдерін бәрін қадағалап, балалар осы автоматизация арқылы қарап отырады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бір ғана жүгеріден 26 түрлі өнім шығады. Ал оның ішіндегі ең негізгісі крахмал мен сірне. Дәл осы сірнені молырақ өндірсе нарықтағы қантқа деген сұранысты азайтуға болады дейді, мамандар.
Сірненің құрамындағы тәтті ферменттер қантты алмастыра алады. Қазақстан нарығы бір жылда 500-550 мың тонна тәтті шекерді қажет етсе, оның 350 мың тоннасы түрлі сусын мен кәмпит өнімдерін өндіретін фабрикалар үлесінде.
Әлия Мұқанова, зертхана меңгерушісі:
Жемісті сиропты ол қанттың орнына сусындар шығаратын зауыттар пайдаланады. Өйткені оның ішіндегі глюкоза мен фруктоза ол тәтті, негізі сахарозаның орнына алмастыратын компонент сияқты болып қалады.
Кәсіпорында 1200 адам еңбек етеді. Ал оның сыртында жүгері өсіретін 5 мыңнан астам шаруашылық бар. Егер мемлекеттен қолдау болса зауыт жылына 300-350 мың тонна шикізат өндіретіндей деңгейге дейін кеңейе алады. Бұл нарықтағы қантқа деген сұранысты едәуір төмендетпек.
Қуаныш Қанатұлы