«Мұқалмас» Республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Нұржан Әлтаев мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Лингвистикалық комиссияның шешімі осындай. Үміткер жазба жұмысында «Біртұтас Алаш идеясы» тақырыбында шығарма жазған. Онда стилистикалық және грамматикалық 7 қате жіберген. Комиссия мұны қанағаттанарлық деп бағалады. Екінші тапсырма бойынша Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романынан ауызша үзінді оқыған. Үшінші тапсырма бойынша «Бабалар аманаты» тақырыбына он бес минут көлемінде ойын ауызша баяндады. Нұржан Әлтаев комиссия мүшелерінің қойған сұрақтарына "қанағаттанарлық" дәрежеде жауап берді.
Дихан Қамзабекұлы, Лингвистикалық комиссия мүшесі:
Нұржан Бауыржанұлы халықтың алдына сөйлеп, бірнеше мемлекеттік қызмет атқарғандықтан оның шешендігі, топ алдында сөйлеуі бізді тәнті етті және ойы жүйелі, өзінің таңдаған тақырыбы бойынша мәселені қоя алады және оны шешудің жолдарын көрсете алады екен.
Бүгін 4 кандидат құжаттарын тапсырды
Бүгін сағат 18:00-де президенттікке кандидаттарды ұсыну аяқталды. Соңғы күнде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінен Салтанат Тұрсынбекова, «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінен Хайролла Ғабжалилов, «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» қоғамдық бірлестігінен Бақыт Жанабаев, «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігінен Фатима Бизакова құжаттарын тапсырды.
Асылбек Данияр