Керекуге сапары барысында Мемлекет басшысы қоғамды қызықтырған тағы бір мәселе туралы сөз қозғады. Әңгіме алдағы Президент сайлауы жайында. Қасым-Жомарт Тоқаев қай ұйымның атынан саяси додаға түсетіні туралы айтты. Бүгін бірнеше бірлестік мәлімдеме жасап, Тоқаевқа өз атынан шығуды ұсынған еді. Президент таңдауы кімге түсіп отыр?
Кезектен тыс 7-президент сайлауына 46 күн қалды. Алғашқы үміткерлердің де есімі белгілі. Бірнешеуі Орталық Сайлау Комиссиясына құжаттарын өткізіп, қол жинауды бастап кетті. Ал соңғы өзгерістерге сәйкес қазіргі Президент қызметін атқару кезінде партия қатарында бола алмайды. Дегенмен бүгін бірнеше бірлестік бірінен соң бірі Тоқаевты кандидат ретінде ұсынды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы көпке созбай Павлодардағы кездесу кезінде өз ұстанымын жария қылды.
Демек, бір партияның немесе бірлестіктің анық басымдығы болмайды. Бұл тек осы науқанға ғана емес, алдағы парламент сайлауына да елеулі әсер ететін шешім. Себебі, барлығы да тең жағдайда. Сарапшылардың пікірінше нәтижесінде елдегі саяси институттардың жұмысы жанданып, бәскелестік күшейе түседі.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
Президентті ұсынудағы кез-келген қоғамдық ұйымның мүмкіндік алуының өзі бұл кез-келген саяси күштер, жалпы қоғамдық ұйымдардың осындай президенттік сайлау болсын жалпы саяси процестерге қосылуға мүмкіндік алғандығын көрсетіп отыр. Сондықтан мен ойлаймын алдағы кезектен тыс Президент сайлауы, одан кейін 2023 жылы болатын кезектен тыс парламент сайлауы да бұл қазіргі таңдағы еліміздегі саяси жүйені қайта жаңғыртып, қайта құру үшін нақты қадам.
Ермек Тоқтаров, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі:
Президентке деген қоғамның сенімі өте жоғары. Әрине бұл сенімнің жаңа бір мандатын алу үшін Президент осы кезектен тыс сайлауды жариялады. Әрине бұл сайлау жаңа ережемен өтеді. Өйткені оның өкілеттігі шектелді.
Президент сайлауы ашық әрі әділ өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев оған кепілдік беретінін айтты. Жалпы бұл науқан еліміздегі ауқымды өзгерістердің тек бастауы ғана. Биыл ел халқы референдум арқылы ата заңға өзгеріс енгізді. Мемлекеттік саяси институттар арасындағы қарым-қатынас ережесі басқаша сипат алды. Келер жылы парламент пен мәслихат сайлауы өтіп, жаңа үкімет жасақталады. Осылайша Қазақстанның саяси алаңы алдағы жарты жылдың ішінде толықтай жаңарады деген сөз.
Шерхан Жамбылұлы