Мемлекет басшысы Қарағанды облысындағы жаңа кәсіпорындарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қарағанды облысындағы жаңа кәсіпорындарды аралады

05.10.2022

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде жаңа кәсіпорындарды аралады. Алдымен автобус және коммерциялық техника өндіретін «КазТехна» зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын 2021 жылдан бері жолаушылар тасымалына арналған 347 автобус пен электробус құрастырып шығарған. Биыл жыл соңына дейін өңірлерге 700-ден аса көлік жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 208 автобус еліміздің тоғыз облысындағы білім беру ұйымдарына жіберілмек. Бүгінде зауытта 560 адам жұмыс істейді. Еңбек ұжымының басым бөлігі - Саран қаласының жергілікті тұрғындары.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, тұрмыстық техника және көлік дөңгелегін шығаратын зауыттарға барды. Дөңгелек зауытын биыл жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Оның жобалық қуаты жылына 3,5 миллион дөңгелек шығаруға есептелген. Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде 68 адам «Резина техникалық бұйымдар» және «Шина өндірісі» мамандығын игеруді бастады. Ал құрылысы екі жылдан кейін аяқталуға тиіс «Силк Роуд Электроникс» зауыты жыл сайын теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, ас үй плитасы мен желдеткіш секілді тұрмыстық техникаларды шығарады.

Саламат Омаш


Хабарламаларға жазылу